Астанада Ақнәр Хамиттің анасы ұсталды: полиция пікір білдірді

Сағыныш Сардарова 15 қаң. 2026 15:25

Астанада Ақнәр Хамиттің анасын полиция ұстап әкетті. Бұл жағдайға Астана Полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Есіл ауданы полициясына рұқсат етілмеген жиынға байланысты үш әйел жеткізілді. Азаматтармен бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін реттейтін қолданыстағы заң талаптарын сақтау қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді", - деді полиция.

Айта кетейік, бұл туралы заңгер Инга Иманбай әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеген еді.

"Қайтыс болған жастардың - Сана Мерланның, Ақанова Әделдің және Ақнар Гүлстанның аналары Президент Әкімшілігінің кеңсесі (канцеляриясы) ғимаратының алдында полиция қызметкерлері тарапынан ұсталды. Аналар Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ұжымдық өтініш тапсыру үшін барған. Өтініштің мақсаты - балаларының өліміне қатысты қылмыстық істердің объективті, тәуелсіз және толық тергелуін талап ету. Алайда олар ғимаратқа кіріп үлгермеген. Өтініш қабылданбаған. Аналарды полиция белгісіз бағытқа алып кеткен", - деді ол.

2024 жылы 22 жастағы Ақнәр Хамит Алматыдағы тұрғын үй кешенінің жетінші қабатынан құлап мерт болған.

Еске салайық, бұған дейін Ақнәр Хамиттің анасы қызының қазасына қатысты істі Астанаға беруді талап етті.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove