Астанада "Ағайындылар" фильмінің жабық көрсетілімі өтті

Dalanews 21 там. 2024 11:01 1089

Астанада "Ағайындылар" фильмінің жабық көрсетілімі өтті, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Ағайындылар" – 15-тен астам әлемдік марапаттарға ие болып, тәжірибелі сыншылардың жүрегін жаулап алған фильм. Киножобаны Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Ұлттық кино орталығының қолдауымен "Golden Man Media" компаниясы жарыққа шығарған.

Фильм желісі бойынша Ақжол балалар үйінен алыстап, әкесінің тірі екеніне көз жеткізіп, оны іздеуге кіріседі. Көршісі Димашпен бірге күнкөріс қамымен түзу жолдан тайып, қарақшылықпен айналысады. Туысқандарымен аяқасты кездесулердің бірінде Ақжол  бауырының барын біледі. Ағасын тапқан Ақжол онымен бірге әкесін іздеуді жалғастырады. Фильм драма жанрында, сюжет желісі екі ағайындының шытырман оқиғасына құралған.

"Ағайындылар" – режиссер Дархан Төлегеновтың жарқын дебюті. Фильм 2020 жылы Ұлттық кино орталығының қолдауына ие болған. Тұсаукесері 2022 жылы неміс кинофестивалінің Олденбург халықаралық кинофестивалінде өтті және сол жерде "Кино рухы" сыйлығымен марапатталды. Фильм басынан аяғына дейін сапалы сценарийімен және қорытынды эпизодтарымен көрерменнің назарын аударады. Картинада Әлішер Исмаилов, Айбар Салы, Азат Жұмаділ, Жанель Мақажан және Дулыға Ақмолда секілді актерлар ойнайды.

"Іріктеу барысында дебютанттарға баса мән бердім, киноға қадам басып жатқан жаңа актерлерге басымдық берілді. Фильм отбасының, жақын жандардың жылулығы маңызды екенін көрсетеді", – дейді режиссер.

Тағы бір маңызды дүние – "Ағайындыларды" қазақ киносының өте сирек категориясы – арт-мейнстримге жатқызуға болады. Айта кету қажет, фильм 22 тамызда еліміздің барлық кинотеатрларына жол тартады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар