Қазақстан астанасында 36 342 мүгедектігі бар адам тұрады, оның ішінде 26 269-ы – ересектер, 10 073-і – балалар. Ал осы азаматтардың өмір сүруіне елорда қаншалықты бейімделген?
Мүгедектігі бар жандарға арналған такси қызметі
Астана әкімдігінің мәліметінше, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға инватакси қызметі көрсетіледі. Бұл қызмет мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асады және жыл сайын 2 мыңға жуық адамды қамтиды.
2024 жылы инватакси қызметінде 147 көлік жұмыс істеді, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 30 көлікке артық. 2024 жылдың сәуірінен бастап арбадағы мүгедектерге (18 жастан асқан) арналған көліктер саны 6-дан 20-ға дейін артты.
Бұдан бөлек, қазіргі таңда Яндекс Go сервисі арқылы пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобаға 500-ге жуық мүгедектігі бар адам қатысып, 140 мыңнан астам сапар жасаған.
Инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары
Қалада мүмкіндігі шектеулі жандар үшін инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар 2023-2027 жылдарға арналған «Аманат» партиясының Жол картасы, «Халықпен бірге» жобасы және Астана әкімдігінің Ішкі Жол картасы аясында іске асырылуда.
2021 жылдан бері аудандық әкімдіктер жанынан мониторингтік жұмыс топтары құрылды. Олардың құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, мүгедектер қоғамдық бірлестіктерінің мүшелері және партия белсенділері кірді. 2021-2027 жылдары қалада 1 595 нысанды бейімдеу жоспарланған. Қазіргі уақытта 895 нысан паспортизациядан өтіп, бейімделген (жоспардың 56%-ы орындалды).
Мониторинг жыл сайын өткізіледі. Әр жылдың басында бейімделуі тиіс нысандардың тізімі бекітіліп, жыл бойы жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Барлық бес аудандық әкімдік жанында арнайы жұмыс топтары құрылып, олар нысандарды тексеріп, құрылыс нормалары мен стандарттарына сәйкес болуын қадағалайды.
Қолжетімді инфрақұрылым қандай болуы керек?
Қаладағы мүгедектерге қолайлы инфрақұрылым келесі элементтерді қамтуы тиіс:
- Арнайы тұрақ орындары;
- Пандустар;
- Лифтілер;
- Арнайы жабдықталған дәретханалар;
- Тактильді белгілер мен көрсеткіштер;
- Жол белгілері және бағдаршамдар.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған нысандардың қолжетімділігін inva.gov.kz сайтынан тексеруге болады. Бұл платформада объектілердің жай-күйі туралы ақпарат жаңартылып, мониторинг нәтижелері жарияланады.
Мүгедектер қандай қиындықтарға жиі тап болады?
«Тәуелсіз өмір» мүгедектер орталығының атқарушы директоры Ардақ Отарбаевтың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандарға елордада қоғамдық көліктерге міну, дәріханалар мен шағын маркеттерге кіру әлі де болса қиын.
«Ескі ғимараттарда пандус немесе көтергіш орнату мүмкіндігі үнемі бола бермейді. Тіпті, сол жағалаудағы жаңа ғимараттарда да қолжетімділікке қатысты мәселелер бар. Осы орайда, қоғамдық көліктерге мініп-түсуді жеңілдету үшін аялдамалардағы қалташаларды кеңейту шаралары ұсынылды. Жергілікті әкімдік 2025 жылы осы өзгерістер енгізілетініне уәде берді», - дейді Ардақ Отарбаев.
Оның сөзіне қарағанда, кейбір тұрғын үйлердің бірінші қабаттарындағы дәріханалар мен минимаркеттерге кіру де қиынға соғып жатады. Бірнеше баспалдақтың өзі үлкен кедергі болып саналады. Десе де, жаяу жүргіншілер өткелдері мен тротуарлар жағдайы жақсарып келеді. «Ақылды» бағдаршамдар мен жарықтандыру жүйелері іске қосылғаны қуантады.
Құқық бұзушылықтар мен шағымдар қалай қаралады?
Астанадағы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласын реттеу және бақылау комитеті мүгедектерге арналған инфрақұрылымның жағдайын бақылайтын уәкілетті орган болып табылады. Егер мүгедектігі бар адам қоғамдық орынға кіре алмайтын болса немесе қандай да бір қиындыққа тап болса, ол жауапты ведомствоға фотосуреттермен бірге, шағымын немесе өтінішін жібере алады. Содан соң объектінің жағдайы тексеріліп, паспортизация жүргізіледі. Қажетті заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, әкімшілік шаралар қолданылады.
Қала инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарына мүгедектігі бар азаматтардың өздері де белсенді қатысады. Аудан әкімдері мен қала әкімі жанында инклюзия мәселелері жөніндегі кеңесші жұмыс істейді. Сондай-ақ жиындар мен талқылауларға мүмкіндігі шектеулі азаматтар да шақырылып, олардың пікірі әрдайым ескеріледі.
Демек, Астанада мүгедектерге арналған қызметтер мен инфрақұрылым жыл сайын дамып келеді, алайда әлі де шешілмеген мәселелер бар. Қаланың 56 пайызы бейімделген, әлі де 700-ге жуық нысан толық қолжетімді емес. Астана әкімдігі мен мүгедектер ұйымдары бұл бағытта бірлесе жұмыс жүргізіп жатыр. Астана инклюзивті қалаға айналу жолында маңызды қадамдар жасауда, бірақ толық қолжетімді орта қалыптастыру үшін әлі де көп жұмыс қажет.