БАӘ компаниясымен келісімшарт бұзылғаннан кейін Астана әуежайына жаңа инвестор әлі табылған жоқ. Бұл туралы елордалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz агенттігі Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
Қазіргі таңда әуежайдың қызметін өз әкімшілігі басқарып отыр.
2025 жылғы 31 қазанда Астана қаласы әкімдігі мен Terminals Astana Airport Limited компаниясы өзара келісім бойынша сенімгерлік басқару туралы шартты бұзған. Аталған келісім "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ-ның 100% акциясын сенімгерлік басқаруға беруді көздеген еді.
"Қазіргі уақытта әуежай қызметін акционерлік қоғам өзі басқарып отыр. Рейстерге қызмет көрсету, терминалдардың жұмысы, авиациялық қауіпсіздік пен жолаушыларға көрсетілетін қызметтер бұрынғыдай, өзгеріссіз жалғасуда", – делінген хабарламада.
Басқармада жаңа инвестор немесе оператор тарту мүмкіндігі қарастырылып жатқанын атап өтті. Консалтингтік компаниялармен бірлесіп, әлеуетті басқарушыға қойылатын талаптар әзірленуде. Бұл талаптар жолаушылар және жүк инфрақұрылымын дамытуға бағытталған инвестициялық міндеттемелерді қамтуы мүмкін.
