Астана әкімідігі 20 миллиард теңгеге жоспарланған іс-шараларды өткізуден бас тартты

Ақтоты Жапатова 18 нау. 2025 12:04 269

Астана қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айжан Түгелбаева 2025 жылы 18 наурызда өткен Мәслихат отырысында үнемделген миллиардтар қайда жұмсалатынын айтып берді,- деп хабарлайды Dalanews.kz
 
Айжан Түгелбаева экономиканың оң өсіміне сәйкес ағымдағы жылға жергілікті бюджетке түсетін кірістер бойынша жоспарды 42,2 млрд теңгеге – 966,3 млрд теңгеге дейін ұлғайту жағына қарай қайта қарау ұсынылып отырғанын атап өтті. Оның ішінде салықтық түсімдер 32 миллиард теңгеге, ал салықтық емес түсімдер 10,2 миллиард теңгеге артады.
"2024 жылғы бюджеттің атқарылу қорытындысы бойынша бос қалдықтарды 87,1 млрд теңге мөлшерінде қайта бөлу ұсынылады. Оңтайландыру бойынша жүргізіліп жатқан саясат шеңберінде шығыстар қайта қаралып, бюджетте бекітілген 20 млрд теңге сомасына жекелеген іс-шаралар қысқартылды. Бұл қаражатты қала дамуының шұғыл міндеттерін шешуге қосымша бағыттау жоспарлануда", - деді ол.
Спикердің айтуынша, бірінші кезекте әлеуметтік саланы қаржыландыру мәселелері қаралып жатыр. Осы мақсаттарға қосымша 27,2 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Оның ішіне мектепке дейінгі және орта білім беруді қосымша қаржыландыру, әкімнің жоғары оқу орындарындағы гранттары, 6 колледжді ағымдағы жөндеу, тоғыз мектепке дейінгі мекемелерді жабдықтау және ағымдағы жөндеу, сондай-ақ алты мектеп пен бес балабақшаны күрделі жөндеу кіреді.

Тағы 2,5 млрд теңге қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік қызметтерге, сондай-ақ ведомстволық бағынысты денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қосымша қарастырылған.

Бұдан басқа, спорт саласындағы мемлекеттік тапсырысты қаржыландыруға, құрама командаларды республикалық және халықаралық жарыстарға дайындауға және қатысуға 6 млрд теңге қарастырылған.

Жалпы Айжан Түгелбаеваның айтуынша, ұсынылған түзетілген бюджет жобасы қаланың негізгі әлеуметтік және инфрақұрылымдық міндеттерін шешуге бағытталған.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар