OPEC+ мұнай өндіру көлемін қайта ұлғайтуды талқылайды: Қазақстанға әсері қандай?

OPEC+ мұнай өндіру көлемін қайта ұлғайтуды талқылайды: Қазақстанға әсері қандай?
pixabay.com

OPEC+ елдері 7 маусымда өтетін кездесуде шілде айына арналған мұнай өндіру квотасын арттыру мәселесін талқылайды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Reuters деректеріне сәйкес, ұйымға кіретін жеті негізгі мұнай өндіруші ел тәулігіне шамамен 188 мың баррельге өндірісті ұлғайту туралы келісімге келуі мүмкін. Талқылау аясында Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Алжир, Қазақстан және Оманның позициясы назарда болады.  

Шешімнің басты себептерінің бірі – Ирандағы әскери қақтығыс салдарынан мұнай жеткізілімдерінің бұзылуы және нарықтағы ұсыныстың қысқаруы. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі геосаяси тәуекелдерге қарамастан OPEC+ нарықтағы үлесін сақтап қалуға тырысып отыр.  

Соңғы айларда ұйым өндіріс көлемін біртіндеп арттыру саясатын ұстанып келеді. Сәуірден бастап шектеулердің бір бөлігі алынған, ал маусым айында да өндіру көлемін ұлғайту туралы шешім қабылданған болатын. Қазір ұйым шілдеге арналған келесі қадамды талқылап жатыр.  

Мұнай нарығындағы жағдайға Иран төңірегіндегі ахуал да әсер етіп отыр. Reuters мәліметінше, Таяу Шығыстағы жағдайдан кейін әлемдік жеткізілім көлемі қысқарып, мұнай бағасы қайта өсе бастаған. Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 105 доллардан асқан.  

Сонымен қатар Халықаралық энергетика агенттігі жаз айларында мұнай нарығы «тәуекел аймағына» өтуі мүмкін екенін ескертті. Агенттік мұны сұраныстың артуы, қорлардың азаюы және жеткізілім проблемаларымен байланыстырады.  

Қазақстан үшін бұл мәселе ерекше маңызға ие. Ел OPEC+ келісіміне қатысушы мемлекеттердің бірі саналады және мұнай өндіру көлеміне қатысты шешімдер экспорт, бюджет кірісі және энергетикалық сектор көрсеткіштеріне тікелей әсер етеді.