"Әскери тұрғыда Ресей жеңілмейтіні анық". Сарапшылар Тоқаев нені меңзегенін айтты

Сағыныш Сардарова 17 қыр. 2024 15:25 4390

Германияның федералдық канцлерімен кездесуінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдайды реттеуге байланысты мәлімдеме жасады.
 
Dalanews.kz саяси сарапшылардың осы бағыттағы пікіріне шолу жасады.
 
Қазақстан Президенті Тоқаев қандай мәлімдеме жасады?
"Әскери тұрғыда Ресейдің жеңілмейтіні анық. Соғыс бұдан әрі өрши берсе, барша адамзатқа, ең алдымен, Ресей-Украина қақтығысына тікелей қатысы бар мемлекеттерге салдары өте ауыр тиеді. Өкінішке қарай, Ыстанбұл келісімін бекітуден бас тартып, татуласуға қол жеткізетін оңтайлы мүмкіндікті уыстан шығарып алды. Дегенмен бейбітшілік орнатуға әлі де мүмкіндік бар. Түрлі мемлекеттердің барлық бейбіт бастамаларын мұқият қарап, әскери іс-қимылдарды тоқтату туралы келісімге келу керек. Содан кейін территориялық мәселелерді талқылаған жөн. Біздіңше, Қытай мен Бразилияның бейбітшілік жоспары қолдауға тұрарлық. Мемлекеттер басшылары келеді, кетеді. Ал халық, әсіресе көршілес халықтар бейбіт әрі бір-бірімен түсінісіп өмір сүруі керек. Қазақстанның Ресеймен дүние жүзі бойынша құрлықтағы ең ұзын шегенделген шекарасы бар. Біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастық стратегиялық серіктестік пен одақтастық аясында дамып келеді. Қазақстандықтар украин халқы мен оның төл мәдениетіне шынайы құрметпен қарайды. Қазақстан мен Украина арасында ешқандай келіспеушілік болған емес. Киевте Елшілігіміз әлі де жұмыс істеп жатыр", – деді Қазақстан Президенті.
Ақорда
 
Ресей президенті Путин қандай жарлыққа қол қойды?

Ресей президенті Владимир Путин Ресей армиясының санын 180 мың адамға көбейту туралы жарлыққа қол қойғаны белгілі болды. Құжат 2024 жылдың 1 желтоқсанынан бастап күшіне енеді. Осылайша жарлыққа сәйкес Ресей армиясының штат саны 2 миллион 389 мың адамға дейін артады, оның ішінде 1 миллион 500 мың әскери қызметші бар.

©Габрииль Григоров / Ресей Федерациясы Президентінің баспасөз қызметі
 
Соңғы рет мұндай шешім 2023 жылдың желтоқсанында қабылданды, ол кезде штат саны 2 млн 209 мыңнан аса адам, оның ішінде 1 млн 320 мың әскери қызметші деп бекітілді. Ал мұның алдында Ресей әскері саны 2022 жылғы тамызда 140 мың адамға көбейді. 
Global FirePower порталының мәліметтері бойынша қазіргі уақытта Ресей армиясы әскери қызметкерлер саны бойынша әлемде бесінші орында - 1 320 000 адам. Путиннің жарлығы күшіне енгеннен кейін ол Үндістан мен АҚШ әскери күштерін басып озып, екінші орынға тұрақтайды. Бірінші қатарда 2 035 000 сарбазы бар әскермен Қытай тұр.
Рейтингтің алғашқы ондығында Солтүстік Корея, Украина, Пәкістан, Иран, Оңтүстік Корея және Вьетнам бар.
 
Саяси сарапшылар пікірі қандай?
 
Саясаттанушы Қазбек Майгельдинов Dalanews.kz-ке осы мәселе төңірегінде пікір білдірді.
 
"Кеше Германия канцлерімен кездесу кезінде Мемлекет басшысы Украинадағы жағдайға қатысты пікірін білдірген болатын. Мемлекет басшысының айтуынша, түрлі мемлекеттердің бейбіт бастамаларын мұқият қарап, әскери іс-қимылды тоқтату туралы келісімге келу керек. Одан кейін территориялық мәселелерді талқылауға болады деген сөз. Қазір екі жақтың да халқы зардап шегіп жатыр. Сондықтан осы тұрғыдан алған кезде Қытай немесе Бразилияның бейбітшілік жоспарын қолдау қажет екенін айтып отыр. Кез келген жанжалдың екі мемлекет үшін емес, жаһандық қауіпсіздікке, экономикаға әсер ететінін, келетін салдарын алдын алу үшін ұсынылып отырған бастама. Яғни дипломатиялық күш-жігер арқылы келіссөзге келу.
Екінші мәселе Ресейдің әскери күші туралы. Ресей ядролық қарудың үлкен арсеналына ие. Әлемдік қақтығыстарда да түрлі ұзаққа созылған іс-қимылдарды жүргізген мемлекеттердің бірі. Мемлекет басшысының Ресейдің Еуразия континентіндегі геосаяси ықпалы мен әлемдегі жетекші әскери державалардың бірі ретінде анықтап көрсеткен ойы. Өйткені қанша дегенмен де бұл нақты деректерге сүйеніп айтылатын ой. Сондықтан ешқандай астарлы ой, қолдау немесе қолдамау мәселесін қарамаған жөн. Мемлекет басшысы халықаралық дауларда агрессия, күш қолдану емес, дипломатиялық жол арқылы шешуді қолдайтын өз ұстанымын көрсетіп отыр", - деді сарапшы.
Белгілі саясаттанушы Асхат Қасенғалидің пайымдауынша, келіссөзде Шольц Тоқаевтан Украина соғысына қатысты позициясын сұрауы - түсінікті жайт.
"Германия Украинаға ең көп қаржылай экономикалық, саяси және әскери көмек берген елдің бірі. Миллионға жуық украин босқынын қабылдаған мемлекет. Соған байланысты Германия басшысы барған елінде бұл тақырыпты қозғайды. Канцлерден тілшілер де осы тақырыпты жиі сұрайды", - деді сарапшы желідегі парақшасында.
Оның сөзінше, Тоқаев Украина мен Ресей соғысына қатысты бұрынғы позициясын айтты.
 
"Соғыста қарапайым халықтың зардап шегіп жатқанын айта келе, келіссөз арқылы шешу керектігін мәлімдеді. Қазақстан мен Ресей, Қазақстан мен Украина арасында байланыстың жақсы екенін жеткізіп, қандай да бір нақты позицияны таңдамайтынын меңзеді. Екі елдің де біз үшін маңызды
серіктес екендігін айтты.
«Әскери тұрғыда Ресейдің жеңілмейтіні анық» деген пікір айтылды. Бұл қаншалықты рас? Бұл екі жақтың қазіргі күйдегі демографиясын, әскери өндіріс кешенін, серіктестердің көмек беруін, энергетикалық қауіпсіздігін салыстырып айтылған дүние болса керек. Өкінішке орай Ресей әскері қазір Донбасста алға жылжуда. Украина әскерінің Курск облысына кіруі Ресейдің Донбасстан әскерінің көп бөлігін әкетуге ұласпады. Қазіргі сәтте майдан даласындағы жағдай позициялық негізге көшуде және «алдағы сәтте Украинаға әскери көмек қаншалықты беріледі» деген сұрақ бойынша нақты жауап жоқ. АҚШ-та «президент Харрис немесе Трамп бола ма» дегеннен де өзекті, «Конгресс кезекті қаржыны бөле ме, жоқ па» деген сұрақ бар. Сондықтан әскери тұрғыдан Украинаны қолдау жағы Батыс тарапынан нақты болмай, тұманды күйге тағы түсуде. Ал Иран мен Корея Ресейге үздіксіз дрон, зымыран және снаряд беруде. Әрине, мұндай сәтте Ресейді әскери тұрғыдан жеңу жайлы айту қиын. Өкінішті-ақ..." - дейді саясаттанушы.
Асхат Қасенғали соғыс біртіндеп ушығып жатқанын да айтып қалды.
 
"Украина Курскке кіріп, Ресей сарапшылары «ҰҚШҰ қайда» деп зарлап етті. Енді Киев Ресей аумағын Батыс зымырандарымен атқылауға рұқсат алса, Мәскеудің қарымта жауабы ядролық сынаққа ұласуы мүмкін деген пікірлер айтылуда. Әлбетте, ондай сәтте бұл екі елдің соғысынан ауытқып, әлемдік қақтығысқа қарай жылжи түсері анық. Алыптар арасындағы қақтығыста өзгелер көп зиян шегеді. Экономикалық, саяси тұрғыдан.
Қазақстан тарапы бұл соғысты келісіммен аяқтау керектігін соғыс басталған күннен бері айтуда. Ал келіссөз БҰҰ жарғысына сай болуы тиіс, яғни мемлекеттердің аумақтық тұтастығына кепілдік беру арқылы бекемделуі шарт. Бізге сол екі ел арасындағы қақтығыста бейтараптықты сақтап қалу маңызды", - деп түйіндеді ол.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар