Шараға Сенат депутаттары, еліміздің Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, ІІМ Ұлттық ұланның басшылығы қатысты.
Кездесуді ашқан Д.Назарбаева елдің қорғаныс қабілетін және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінің маңыздылығын атап өтті. «Қарулы күштер – біздің халқымыздың тәуелсіздігіне кепілдік береді», – деді сыртқы қауіптерді болдырмау мен жоюда армия рөлінің артып келе жатқанын атап өткен сенатор.
Отырыста еліміздің Қарулы Күштері Бас штабы бастығының бірінші орынбасары генерал-майор Руслан Шпекбаевтың Әскери доктрина туралы баяндамасы тыңдалды. Ол доктринада күрестің «гибридті» әдістері, «әскери емес құралдар», «ішкі қарулы қақтығыс» деген ұғымдар мен анықтамалардың бірінші рет жасалып қолданылғанын, ҚР Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қолдану, кибер қауіпсіздік шараларын күшейту, жалпы әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесіне аумақтық қорғанысты интеграциялау, материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйесін дамыту, Қазақстанның бейбітшілікті қолдау шараларына қатысуын кеңейту, мемлекеттің әскери ұйымдарды басқару жүйесін дамыту тәртібі нақтыланды деп атап өтті.
– Біздің бірлескен жан-жақты жұмысымыз армияны қажетті, заманауи қару-жарақ пен әскери техникамен жақын арада жабдықтау мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Ол үшін Қорғаныс туралы заңға тиісті түзетулер енгізу қажет және бұл мүдделі мемлекеттік органдармен жұмыс жасауды талап етеді», – деп атап өтті Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева.
«ҚмД» ақпарат