Әшімбаев апатқа ұшыраған ұшақта оқ іздері болуы мүмкін деген долбарға қатысты пікір білдірді

Dalanews 26 жел. 2024 13:51 639

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ақтау маңында құлаған ұшақ апатына түрткі долбарларға қатысты пікір білдірді. Ол қазіргі уақытта әуе апатының себептері мен зақымдану сипаты әлі белгісіз екенін баса атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz Ulysmedia.kz-ға сілтеме жасап.

Сенат спикерінің айтуынша, оқиға орнында Қазақстан, Әзербайжан және Ресей өкілдері қатысқан арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Бұл елдердің мамандары тізе қоса отырып, деректерді талдап, фотосуреттер бойынша қорытынды жасайды. Алайда, Әшімбаев кейбір адамдар осы жағдайды өз мүддесіне пайдалануға тырысып жатқанын да айтып қалды. 

– Біріншіден, бұл алыпқашпа әңгімелер, дәлелсіз мәлімдемелер. Бұлайша ойдан баға беріп, оны тарату дұрыс емес әрі этикаға жатпайды деп ойлаймын. Бұл, ең алдымен, кейбір адамдардың осы жағдайдан өзіне пайда түсіргісі келетінін, хайп жасап, қаралым жинап, өзге де өз мүддесін көздейтінін көрсетеді, – деді ол.

Сонымен қатар, Әшімбаев Қазақстан да, Әзербайжан да, Ресей де ақпаратты жасыруға мүдделі емес екенін атап өтті.

– Барлық ақпарат қоғамға жеткізіледі деп ойлаймын, бұл жөнінде ешкімде күмән болмауы тиіс. Мамандарға қорытынды жасауға мүмкіндік беріп, ол қорытындыларды ел азаматтарына жеткізу қажет, – деп түсіндірді ол.

Авиациялық қауіпсіздік туралы айтқан спикер бұл мәселе тек қайғылы оқиғалардан кейін ғана емес, әрқашан назарда болуы тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, бұл – басты қорытынды.

Бұған дейін Настоящее время басылымы ұшақ ресейлік зениттік зымыран кешендері соққысының салдарынан апатқа ұшырады деген нұсқа қаншалықты рас я өтірік екені туралы материал жариялаған. Негізінен, алдын ала болжам ретінде бірқатар БАҚ ұшаққа топ құстың соқтығысқанын хабарлаған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар