Армения тағы да ҰҚШҰ отырысына қатысудан бас тартты

Қаракөз Амантай 26 қар. 2024 09:39 122

Армения 28 қарашада өтетін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) саммитіне қатыспайтын болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы елдің сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян мәлімдеді.

"Армения ҰҚШҰ сыртқы істер министрлері кеңесінің, қорғаныс министрлері кеңесінің және қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің отырыстарына қатыспайды",—деді ол.

Аталған ақпаратты Ресейдің ҰҚШҰ жанындағы тұрақты өкілі Виктор Васильев РИА Новости агенттігіне растады.

"Армениялық әріптестер бұл іс-шараға жеке қатысудан бас тартты. Сонымен қатар олар бекітілуі тиіс барлық құжаттың шектеулі форматта қабылдануына қарсы емес", — деп түсіндірді өкіл.

Айта кетейік, ҰҚШҰ елдері министрлерінің бірлескен отырысы 28 қарашада Астанада өтеді.

Қазан айының соңында Арменияның премьер-министрі Араик Арутюнян Армения мен Әзірбайжан арасындағы бейбіт келісімнің қалған тармақтарын келісуге болатынын айтты. Оның сөзінше, Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев арасындағы байланыстар бұл бағытта пайдалы болып отыр.

Еске салайық, 2024 жылдың ақпанында Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ереванның ҰҚШҰ-ға қатысуын тоқтатқанын айтты.France 24 телеарнасына берген сұхбатында ол Арменияға қатысты ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт орындалмағанын атап өтті.

"Біздің ойымызша, Арменияға қатысты ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт, әсіресе, 2021-2022 жылдары орындалмады. Бұл мәселе біздің назарымыздан тыс қалмады. Біз осы шартқа қатысуды тоқтаттық. Ары қарай не болатынын көрейік", - деді Пашинян сұхбатында.

Кейін Армения Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ани Бадалян Армения 2024 жылы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын (ҰҚШҰ) қаржыландыруға қатыспайтынын да атап өткен болатын.

“Армения 2023 жылғы 23 қарашадағы “ҰҚШҰ-ның 2024 жылға арналған бюджеті туралы” шешімге қосылудан және сол арқылы ұйымның қызметін қаржыландыруға қатысудан бас тартады. Сондықтан келісімге қатысушы елдердің ортақ шараларын қаржыландыруды да доғара тұрады.  Сонымен бірге Ереван бұл шешімнің шектеулі форматта қабылдануына қарсы болмайды”, - деді Бадалян.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар