Арман Жүдебаев: Ұлт мәдениеті күнделікті әдептен басталады

Арман Жүдебаев: Ұлт мәдениеті күнделікті әдептен басталады

Қоғамдағы мәдениет пен өзара сыйластық тек театрдан, музейден немесе кітаптан басталмайды. Ол ең алдымен адамның күнделікті қарым-қатынасынан, сөйлесу мәнерінен, амандасу әдебінен және өзгені құрметтей білуінен көрінеді. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арман Жүдебаев осы мәселеге тоқталып, ақ пейіл мен ізеттіліктің ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі екенін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, қазақ халқының дүниетанымында ақ пейіл ұғымының орны ерекше. Бұл – адамның тек ішкі ниеті ғана емес, айналасына деген құрметі мен ізетінің күнделікті өмірдегі көрінісі.

«Жылы сөз айту, алғыс білдіру, орын беру, жөн-жоралғыны сақтау – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени құндылықтарының ажырамас бөлігі. Солардың ішінде сәлем беру әдебіне қазақ халқы әрдайым ерекше мән берген. "Сәлем – сөздің анасы" деген нақылдың өзі осының дәлелі», – дейді Арман Жүдебаев.

Ректордың пікірінше, әр халықтың өзіндік амандасу мәдениеті бар және ол тұтас ұлттың дүниетанымын, тәрбиесін әрі адамға деген көзқарасын білдіреді. Қазақ үшін амандасу – ең алдымен құрметтің белгісі.

Осыған байланысты ол соңғы жылдары қоғамда ұлттық болмысқа тән емес кейбір қарым-қатынас үлгілері жиілеп бара жатқанын атап өтті.

«Қолды жүрек тұсына қойып, "Ассалаумағалейкум!", "Сәлеметсіз бе?" деп ізет білдіру – ұлттық мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Өкінішке қарай, бүгінде бір-бірін жақын танымайтын адамдардың құшақтасып немесе беттен сүйіп амандасуы қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Мұндай әрекет қазақы әдеппен де, ұлттық таныммен де толық үйлесе бермейді», – дейді ол.

Арман Жүдебаев мұны өзге мәдениеттерді жоққа шығару ретінде қабылдамау керектігін айтады. Керісінше, әр халықтың өзіндік ерекшелігін сақтауы – әлемдік мәдени әртүрліліктің басты байлығы.

Өнер саласынан мысал келтірген ол оркестрдегі әр аспаптың өзіндік үні болатынын еске салды.

«Домбыра қобыздың үнін қайталамайды, қобыз сыбызғының орнын баспайды. Әрқайсысы өз табиғаты мен бояуын сақтағанда ғана үйлесімді әуен дүниеге келеді. Егер барлық аспап бір-біріне ұқсауға тырысса, оркестрдің сәні де, сазы да жоғалар еді. Өмірде де дәл солай. Халықтар арасындағы жарасым әркімнің өз мәдени үнін сақтай білуінен басталады», – деді ректор.

Оның айтуынша, үлкенге құрмет, кішіге ізет, сөйлеу мәдениеті, адамның жеке кеңістігін сыйлау сияқты құндылықтар қазақ қоғамының ғасырлар бойы қалыптасқан рухани болмысының негізі болып саналады.

«Ұлттың мәдениеті тек үлкен мерекелерде немесе салтанатты жиындарда емес, күнделікті қарапайым қарым-қатынастан көрінеді. Ақ пейілімізді, ізетімізді, амандасу мәдениетімізді және бір-бірімізге деген сыйластығымызды сақтай алсақ, ата-бабамыз аманаттаған рухани мұрамыздың да ғұмыры ұзақ болады», – деп түйіндеді Арман Жүдебаев.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы да өз сөздерінде қоғамдағы әдеп пен мінез-құлық мәдениетін сақтау, өзара құрмет пен жауапкершілікті нығайту мәселесіне үнемі назар аударады. Осы тұрғыда мәдениет қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдерінің ұлттық құндылықтарды, әдеп мәдениетін және қоғамдық жауапкершілікті дәріптейтін бастамалары Президент көтеріп жүрген қоғамдық құндылықтармен үндесіп жатыр.