Шараға өңіріміздің аудан, қалалардағы мәдениет үйлері мен клубтар жанындағы 200-ге жуық театр мамандары қатысты.
Арыс қалалық мәдениет үйінің халықтық көркемөнер ұжымы драма үйірмесінің «Исабеков әлемі» қойылымымен бастау алған жиында Бүкілодақтық байқаудың лауреаты, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Әбілқайыр Жандарбековтің «Режиссер мен спектакль. Пьесамен жұмыс істеу кезеңдері» баяндамасын тыңдап, шеберліктерін шыңдаған мамандар «Қазақстан театр қайраткерлері» одағының мүшесі, М. Әуезов атындағы ОҚ мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Ерлан Сатыбалдыұлының «Халық театрларындағы қойылымдық жұмыстың заманауи сипаты» баянынан сахналануы тиіс әрбір шығармаға жан бітіру мен көрермен жүрегіне жеткізу жолдары, мән берілуі тиіс жайттар жөнінде тыңдап, пікір алмасты.
Сондай-ақ, республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаты, Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының көркемдік жетекшісі Мақсат Айтжановтың «Халық театрларындағы сатира», Арыс қалалық мәдениет үйінің халықтық көркемөнер ұжымы драма үйірмесінің жетекші режиссері Әмірхан Бекәділұлының «Өнердің өзегі – халық театры» баяндамаларында да түрлі образдарды сомдауда маманға қажетті қабілет пен өзекті мәселелерді қозғалды.
Айта кетсек, қазіргі таңда Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында мәдениет үйлері және клубтарда драма үйірмесі жұмыс жасаса, оның 16-сы халықтық театр ұжымы атағын алған.