«Арыс жағасында» ретро-фестивалі тұңғыш рет Түркістанда өтді

Dalanews 10 қаз. 2018 08:54 1084

Тоғызыншы рет өтіп жатқан «Арыс жағасында» ретро-фестивалі биыл облыс орталығы Түркістан қаласында өтеді. Айтулы шара былтырғы жылы тек бес композитордың ғана шығармашылығын насихаттауға арналса, биылғы фестивальде бірнеше сазгердің шығармалары орындалатын болады.

Түркістан облысына ғана тән фестивальдің мақсаты - барша қазақтың мақтанышына айналған жергілікті композиторларды, өнер ұжымдары мен әншілерді дәріптеу, олардың шығармашылығын насихаттау.

Биылғы жыр кешіне ҚР Мәдениет қайраткерлері әнші-сазгер Марат Омаров, Жұбаныш Жексенұлы, Хадиша Шалабаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Айгүл Иманбаева, әнші-сазгер Заттыбек Көпбосынұлы, Асқар Жайлаубаев, «Астана», «Қарғабай», "Арбат", "Сарын" топтары өнер көрсетпек. Өнерпаздар жергілікті сазгерлердің халық арасында кеңінен тараған әндерін орындайды.

Шәмші Қалдаяқов бастаған Түркістан облысынан шыққан музыка майталмандары қазақ өнерінің даумына өлшеусіз үлес қосқаны белгілі. Сол себепті шараны ұйымдастырушылар халық арасында ұлт музыкасының ұстыны болған өнер иелерінің мұрасын насихаттау үшін аталған ретро-фестивалді арнайы ұйымдастырып отыр.

«Арыс жағасында» ретро - фестивалі 2010 жылдан бастап Шымкент қаласындағы Ш.Қалдаяқовтың атына берілген гүлзарда жыл сайын өткізіліп келсе, биыл тұңғыш рет облыс орталығы – Түркістан қаласында ұйымдастырылып отыр.

 

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар