ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Арал ауданындағы қауіпті зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарымен танысып, жедел штаб отырысына қатысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz
«Қызылорда облысы бойынша 60 мың гектар аумақ зерттелді. Оның 18 мың гектарын химиялық өңдеу қажет. Қазіргі таңда 11 700 гектар жер өңделді. Бұл жұмыстың барынша тез аяқталуын және сапалы орындалуын жеке бақылауымда ұстаймын», – деді министр.
Мамырдың 26-сындағы жағдай бойынша, облыста үйірлі шегірткеге қарсы күрес жүргізілуде.
Жоспарланған 19,654 мың гектардың 11,706 мың гектары өңделіп үлгерді. Зиянкестерге қарсы күреске 4 жеңіл ұшақ, 2 аса жеңіл ұшақ, 12 жерүсті агрегат, 5 дрон және 45 арқаға асылатын бүріккіш құрал қолданылуда. Өңдеуге жататын болжамды жалпы аумақ 60,024 мың гектарды құрайды. Жоспарланған алаңдар бойынша жеткізуші ұйымдармен келісім-шарт жасалған.
Үйлестіру жұмыстарын жүргізу үшін облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов басқаратын жедел штаб құрылды. Мұндай штабтар барлық ауданда жұмыс істейді. Жергілікті жерлерде мониторинг пен бақылауға 279 маман тартылған. Бүгінгі күнге дейін 474,1 мың гектар жер зерттеліп, үйірлі шегірткенің дернәсілдері анықталды. Дегенмен, ауыл шаруашылығы дақылдарына зиян келгені тіркелген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Арал ауданы Қарақұм ауылдық округін шегіртке қаптағаны жайлы видео жарияланды. Видеода шегіртке шеруінің біраз аумақты басып алғаны анық байқалады.