Араб елдері Катармен байланысты қалпына келтіру үшін 13 талап қойды

Dalanews 26 мау. 2017 04:46 780



Төрт араб елдері – Сауд Арабия, Біріккен Араб Әмірлігі (БАӘ), Бахрейн және Египет 22 маусымда Катарға жариялаған бойкотты тоқтату үшін бірнеше талаптар қойды деп мәлімдейді «Әл-Жазира» телеарнасы.





Олар 13 шарттан тұратын талаптарын жариялаған. Солардың бірі Катардан «Ағайынды мұсылмандар», «Хезболла», «Әл-Каида» және «Ислам мемлекеті» секілді экстремистік ұйымдармен қарым-қатынасты үзуді талап етеді.

Араб елдері Катардан «Әл-Жазира» телеарнасының хабарын таратуды тоқтатуды, Иран дипломатиялық өкілдігін жабуды және елінен Иран әскерін шығаруды бұйырады. Сонымен бірге Иранмен сауда қарым-қатынасын тек Америка санкциясына сәйкес жүргізуді ұсынады. Талаптардың ішінде Катардағы түрік әскери базасын жабу туралы да көрсетілген.

Аталған төрт араб мемлекеті талаптарды орындауға Катарға 10 күн уақыт берген. Катар билігі әзірге түсініктеме бермеді.

Осыған дейін Парсы шығанағының үш елі – Бахрейн, Сауд Арабия және БАӘ мен Египет, Мальдива аралы, Йемен және Ливия Катармен дипломатиялық байланысты үзген. Олар Катарды террористік ұйымдарды қолдап, араб елдерін тұрақсыздандырып отыр деп айыптаған.

Катар сыртқы істер министрлігі бұл айыптауларды жоққа шығарған.



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар