Жуырда оппозициялық журналист Айдос Садықовқа Киевте қастандық жасалды. Әйелі Наталья Садықова екеуі отырған көлікке белгісіз біреу келіп, журналиске оқ атқан. Алған жарақатынан кейін Айдос Садықов ауыр жағдайда жатыр.
Бұл шабуылдан кейін Қазақстан билігін болған оқиғаға кінәлайтындар көбейді. Dalanews.kz порталы Айдос Садықовқа жасалған шабуылға қатысты белгілі саясаткер, журналист Әміржан Қосанның пікірін сұрады.
Әміржан Қосан Садықовқа қарсы жасалған қылмыс тез арада ашылып, қастандықты ұйымдастырғандар мен орындаушылар өз жазасын алуы тиіс деген пікірде. Сондай-ақ, саясаткер бұл мәселенің кем дегенде, төрт жағы болуы мүмкін екенін айтты.
"Біріншіден, саясатқа қатысты, соның ішінде, билікке сын айтып жүргендер жайлы кез келген ақпарат қоғамның қызу қызығушылығын туғызатыны белгілі. Және де мұндай жағдайды пайадаланып, саяси мүддесі әртүрлі тараптардың әрқилы қимыл-әрекетін, соның ішінде, бір-бірін айыптап, кінәлі етіп жатуы – заңды әрі кұлақ пен көз үйренген құбылыс. Бұл жолы да солай боп жатқан сыңайлы. Сол себепті ресми тергеу амалдарының нәтижелерін күту керек деп ойлаймын. Тергеуді украин құқық қорғау органдары жүргізуде. Демократиялық үрдістер, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік орныққан украиндық жүйе қылмысты ашу, қылмыскерлерді табуда объективті болады деген үміт бар. Және де тергеудің жалпы барысы, оған Қазақстан жағы қандай құжаттар мен деректер ұсынып жатыр, сол жағы мейлінше ашық та жария жүргізілуі тиіс.
Екіншіден, кез келген қылмыстың артында мотив тұрады. Ол үшін Садықов өзінің ақпараттық қызметінде нақты кімдерді сынады, кімнің қытығына тиді, сол жағын да анықтап алған абзал. Бізде кейде идеялық оппозициялық ұстаным мен жеке тұлғаларға қатысты шулы ақпарат таратуды шатастырып жатады.
Үшіншіден, Қазақстан сияқты суперпрезиденттік мемлекетте арнайы органдар, күштеу құрылымдары тікелей президентке бағынады, сол себепті осындай резонансты оқиғалар туралы айтқанда, президенттің аты аталып жатады. Саяси тұрғыдан алғанда, президент жалғыз Садықовтың ғана емес, барша қазақстандық азаматтың құқығы қорғалуының конституциялық кепілі боп табылады. Сол тұрғыдан алғанда президенттің оқиғаға қатысты жедел пікір білдіріп, отандық ресми органдар украиндық әріптестерімен тығыз байланыста болатынын мәлімдеуі дұрыс болды деп санаймын.
Төртінші мәселенің конспирологиялық астары да жоқ емес: саясат болған соң, солай болады да. Оны да ашық айтуымыз керек. Тоқаев кеше ғана түкірігі жерге түспей тұрған ықпалды «ескі қазақстандықтарды» биліктен қуып, байлықтан қағып жатыр. Яғни, ол қауым Тоқаевқа өш, оны атарға оқ таба алмай отыр, сол себепті оған қарсы гибридтік соғыс жүргізіп, кез келген оқиғаны антитоқаевшыл пиғылдары мен нақты қадамдарында пайдалана алады. Садықовқа қатысты жайттың сондай да астары болуы мүмкін.
Кейбір сарапшылар Садықовқа қатысты қылмыстың геосаяси астары бар дегенді айтып жатыр. Өзім ол ойға қосыла алмаймын: Қазақстан Украинамен де, осы тақырып турасында аттары аталып жүрген басқа елдермен де тұрақты әрі жақсы қарым-қатынаста. Сол себепті бір журналиске жасалған қастандық мемлекетаралық деңгейге көтеріліп, геосаяси ахуалға, соның ішінде, Қазақстан билігінің маңызды халықаралық шешімдер қабылдауына әсер етеді деген артықтау болар. Сөз соңында айтарым мынау: ескі Қазақстан тұсында да саяси астары бар қылмыстар орын алған, сол кезде де тергеу жүргізіліп, сот шешімдері жарияланған. Билік соларды да қайта қарап, ақиқаттың ашылуын қолға алса, құба құп болар еді..." - деді саясаткер.
Шабуылдан кейін Украинаның Бас прокуратурасы да Садықовқа жасалған қастандыққа байланысты соталды тергеу амалдары басталғанын хабарлаған еді.
Айдос Садықов Украинада ресми босқын мәртебесін алған. Ал 2023 жылдың қазан айында Садықовқа Қазақстанда "әлеуметтік, ұлттық, рулық, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздырғаны" үшін іздеу жарияланған болатын.
Бұған дейін Ермұрат Бапи Айдос Садықовты жақсы білетінін, ал "Бәсе" қатардағы оппозициялық ресурс екенін айтты. Сондай-ақ, депутат бұл қастандыққа Қазақстан билігінің реакциясы жөнінде, Қазақстанның ендігі әрекеті қандай болатыны туралы пікір білдірді.
"Садықовтардың кәсіби, саяси көзқарасы қалай болғаны маңызды емес. Ең маңыздысы ол - Қазақстан азаматы. Қай жерден барып саяси баспана алса, ол - екінші кезектегі мәселе. Сондықтан Қазақстанның билігі, Қазақстанның тиісті мемлекеттік органдары Украина тарапына шығып, бұл мәселеге араласуы керек, сұрау салуы керек. Бұл халықаралық дәрежеде резонанс алған оқиға ғой. Бір елдің азаматын екінші бір елде атып кету деген, оның үстіне журналист болса, оппозициялық ресурстың жетекшісі болса, міндетті түрде Қазақстанның тарапы араласуы керек. Екіншіден, Қазақстанның бұған ешқандай да қатысы жоқ екенін дәлелдеуі керек қой. Қазақстан тарапы үнсіз қалатын болса, онда басқа да пікір тууы мүмкін. Қазақстанның билігі бұл іске міндетті түрде араласып, істің мән-жайын білуге әрекет етуі керек деген ойым бар", - деді Бапи.
Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан бұл іс бойынша тергеуге қатысуға дайын екенін айтты.
"Елімізде Заң үстемдігін нығайтып жатырмыз, яғни барлық салада, ең алдымен, Заң үстемдігін қамтамасыз ету – басты міндет. Бұл мәселе бойынша менің көзқарасым – айқын. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Қазақстанда Заң мен тәртіп бәрінен биік тұруға тиіс. Сондықтан қоғамдағы барлық қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктерді тек қана құқықтық тұрғыдан, яғни тиісті Заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешу қажет. Кеше Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа қатысты Киевте болған қылмысқа да дәл осы ұстаным тұрғысынан қараған жөн. Мен дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы осы оқыс оқиға бойынша ресми сұратулар жіберу туралы нақты тапсырма бердім. Сондай-ақ қажет болған жағдайда Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін айтқым келеді, – деді Президент."