Ақтөбедегі әскери бөлімде жанжал: сарбаз сержанттардан соққы көргенін мәлімдеді

Ақтөбедегі әскери бөлімде жанжал: сарбаз сержанттардан соққы көргенін мәлімдеді
жи: dalanews

Ақтөбедегі Ұлттық ұланның әскери бөлімінде қызмет етіп жүрген мерзімді әскери қызметші өзін бірнеше рет соққыға жыққанын айтып, полицияға арыз жазды. Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Lada.kz мәліметінше, Ақтау қаласының 18 жастағы тұрғыны Досымбет Еркебұлан 3 шілдеде әскер қатарына шақырылып, қазіргі уақытта Ақтөбедегі Ұлттық ұланның №6655 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүр.

Сарбаздың анасы Гүлдана Кетибаеваның айтуынша, 4 қыркүйекте оған ауруханадан хабарласып, ұлының үш күннен бері ем қабылдап жатқанын жеткізген.

Алғашында жас жігітті уролог тексергенімен, талдаулардан ешқандай инфекция анықталмаған. Кейін травматолог маман шақырылып, қуықтағы мәселелердің жарақат салдарынан болуы мүмкін екенін айтқан.

Дәрігермен әңгімеден кейін сарбаз анасына әскери бөлімде өзін мезгіл-мезгіл ұрып-соққанын мойындаған. Осыдан соң травматолог полиция қызметкерлерін шақырған. Әскери қызметші арыз жазып, кейін анасымен бейнебайланыс арқылы сөйлескен кезде оны аға сержант пен тағы екі сержанттың соққыға жыққанын мәлімдеген.

Сарбаздың анасы туыстарымен бірге Ақтаудан Ақтөбеге шұғыл түрде баруға ниетті екенін айтты.

Оқиғаға қатысты Ұлттық ұланның баспасөз қызметі пікір білдіріп, қазіргі уақытта ҚР ІІМ Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасы сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, болған жағдайдың барлық мән-жайы анықталуда.

«Жан-жақты және объективті тексеру нәтижелері бойынша тиісті құқықтық баға беріледі», – делінген Ұлттық ұлан хабарламасында.