Ақтөбелік заңгер есірткіні сатпақ болғаны үшін 7 жылға сотталды

Ақтөбелік заңгер есірткіні сатпақ болғаны үшін 7 жылға сотталды
Фото: sputnik.kz

Ақтөбеде 38 жастағы заңгер синтетикалық есірткіні өткізу мақсатында заңсыз сақтағаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

"Диапазон" басылымының мәліметінше, полицейлер күдіктінің көлігін тінту кезінде синтетикалық есірткі салынған 40 ораманы тапқан. Бұдан бөлек, оның гаражы мен үйінен де бірнеше зип-пакетке салынған есірткі тәркіленген.

Айыпталушы сотта есірткіні көшеден тауып алғанын айтты. Оның сөзінше, гараждардың маңынан күмәнді түйіншекті көріп, оның «закладка» екенін бірден түсінген. Кейін интернеттен есірткінің түрі мен қолданылуы туралы ақпарат іздеп, ақша табу мақсатында сатуға бел буған. Сол үшін электронды таразы мен арнайы пакеттер сатып алып, есірткіні бірнеше бөлікке бөліп қаптаған. Оның бір бөлігін үйінде, бір бөлігін көлігінде, қалғанын гаражда сақтағанын жеткізді.

Алайда, айыпталушының айтуынша, интернет-дүкендермен байланысы болмағандықтан, есірткіні сатып үлгермеген. Көп ұзамай полиция қызметкерлері оны ұстаған. Сондай-ақ ол кейде есірткі қолданатынын, бірақ тәуелділігі жоқ екенін айтып, жасаған ісіне өкінетінін мәлімдеген.

Сот оның есірткіні өткізу мақсатында заңсыз сақтағанын дәлелденген деп танып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.