Ақтөбеде еліміздің батыс өңіріндегі алғашқы бетон скейт-парк ашылды. Қала әкімі Азамат Бекеттің айтуынша, жаңа спорт алаңы экстремалды спортқа маманданған сарапшылардың бағалауымен Қазақстандағы сапасы мен кәсіби талаптарға сай төртінші скейт-парк саналады, деп хабарлайды Dalanews.kz
Скейт-парк қаланың қақ ортасында, Пацаев ескерткішінің артында бой көтерді. Мұнда скейт тебуге, BMX велосипедпен жүруге және сырғанауға арналған арнайы рампа орнатылған. Сонымен қатар стрит-воркаут аймағы мен көше тренажерлары қарастырылған.
Жоба толығымен демеушілердің қаржысына жүзеге асқан. «Gorilla Energy» компаниясы рампа құрылысына 150 миллион теңге бөлсе, алаң жанындағы мейрамхана аумақты абаттандыруға 50 миллион теңге қаржы жұмсаған.
– Біз қала тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыруды басты мақсат етіп отырмыз. Бүгін ашылған скейт-парк – соның айқын дәлелі. Жастардың сүйікті орнына айналатынына сенімдіміз, – деді қала әкімі Азамат Бекет.
Әкімдік өкілдері тұрғындардан жаңа нысанды күтіп ұстауға шақырды.