Ақтөбеде тісін жұлдырған қызға екі рет ота жасалды: сот клиникадан 4 млн теңге өндірді

Ақтөбеде тісін жұлдырған қызға екі рет ота жасалды: сот клиникадан 4 млн теңге өндірді
Фото: ЖИ

Ақтөбеде 13 жастағы қыз тісін жұлдырғаннан кейін денсаулығы сыр беріп, оған екі рет ота жасалған. Ата-анасының арызын қараған сот баланың пайдасына 4 млн теңге моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Hronika.kz мәліметінше, қыз ата-анасымен бірге 2025 жылғы 11 ақпанда доктор "Дисикуш" стоматологиясына барған. Дәрігер оның тісін жұлғаннан кейін баланың сол жақ беті ісініп, аузын ашуы қиындаған. Бір аптадан соң сол клиникада түсірілген рентген тіс түбірінің толық алынбағанын және оның жоғарғы жақ қуысына түсіп кеткенін көрсеткен. Кейін түбірді клиниканың басқа дәрігері алып тастаған.

Облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің тексерісіне сәйкес, екінші емшарадан кейін түбір орналасқан жол ашық қалған. Оған тамақ қалдықтары түсіп, қабыну қайта күшейген. Бірнеше күннен соң қыздың бойында әлсіздік пайда болып, іріңді ошақ анықталған. Ауруханаға жеткізілген балаға жақ-бет хирургиясы бөлімінде екі рет ота жасалған. Кейін оған созылмалы остеомиелит диагнозы қойылған.

Тексеру кезінде алғашқы емшараны жасаған дәрігер тістің толық алынғанына көз жеткізбегені және бақылау рентгенін түсірмегені анықталды. Сарапшылардың қорытындысы бойынша, қалған түбірді алу арнайы бөлімшеде, стационар жағдайында жүргізілуі тиіс болған. Сондай-ақ клиниканың балаларға амбулаториялық көмек көрсету, диагностикалық қызмет пен рентген жасауға қажетті лицензиялық қосымшалары болмағаны белгілі болды.

Сотта медицина қызметкерлері кінәсін мойындамай, баланың жағдайын ата-анасының қараусыз қалдыруымен байланыстырған. Алайда сот қыздың талап-арызын қанағаттандырып, клиниканың құрылтайшысы "Ай-Алтын" ЖШС-нен оның пайдасына 4 млн теңге моральдық өтемақы өндіруді шешті.

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.