Ақтөбеде Qarakesek лақапатымен танылған рэперге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сот 31 жастағы рэпер Омар Аманбаевты психотроп затты заңсыз сақтағаны үшін кінәлі деп таныды.
Ол сот отырысына мәжбүрлі түрде жеткізілген. Соңғы сөзінде айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтып, бас бостандығынан айырмауды сұрады. Оның орнына ем қабылдауға мүмкіндік беруді өтінген. Сондай-ақ, айыппұл немесе қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындауды сұраған.
Музыканттың айтуынша, ол төрт бала тәрбиелеп отыр және мамандардың көмегіне мұқтаж.
№2 Ақтөбе қалалық сотының судьясы рэпер психотроп затты өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтағаны үшін кінәлі деп танылғанын мәлімдеді.
Сот шешімімен оған 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалды.
