Ақтөбеде шыққан өрт салдарынан бір отбасы баспанасыз қалды. Қазір Тимур Майрумбаев тұрған үйден тек күйген қабырғалар қалған, іші күлге толып, есік-терезелері зақымданған, деп хабарлайды Dalanews.kz Almaty.tv-ға сілтеп.
Қайғылы оқиға 28 ақпанда болған. Алдын ала мәліметке сәйкес өртке балалар бөлмесінде қуатталып тұрған пауэрбанктің жарылуы себеп болуы мүмкін. Туыстарының айтуынша, құрылғы қатты дыбыс шығарып, артынша жалын тұтанған. Өрт тез арада жиһазға тарап, үй ішін қалың түтін басқан.
Тимур бұл үйде екі ұлы және әкесімен бірге тұрған. Оның әкесі өртсөндірушілер бірнеше минут ішінде жеткенін айтқанымен, баспананы сақтап қалу мүмкін болмаған.
Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, өрт Ақтөбедегі "Арман" тұрғын үй алабындағы бір қабатты жеке үйдің шатырынан шыққан. Тілсіз жау сағат 20:02-де оқшауланып, 20:23-те толық сөндірілген. Зардап шеккендер жоқ.
