Ақтөбеде жұмыс кезінде ауыр жарақат алып, мүгедек болып қалған қызметкер жұмыс берушіден 10 миллион теңге моральдық өтемақы өндіріп алды. Бұл туралы облыстық сот хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Істі қарау барысында кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі талаптары сақталмағаны анықталған. Жұмыс беруші қызметкерлерге қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етпеген. Соның салдарынан талап қоюшы ауыр дене жарақатын алған.
Медициналық сараптама қорытындысы бойынша қызметкерге II топтағы мүгедектік белгіленіп, оның еңбекке қабілеттілігінен 80 пайызға айырылғаны анықталды.
Сот өтемақы көлемін белгілеу кезінде жарақаттың ауырлығын, емделу мерзімін, мүгедектіктің тағайындалуын және оқиғадан кейін талап қоюшының қалыпты өмір салты бұзылғанын ескерген.
Сот шешімімен жұмыс берушіден зардап шеккен қызметкердің пайдасына 10 миллион теңге моральдық зиян өтемақысы өндірілді. Бұдан бөлек, оның жол жүруге жұмсаған 255 мың теңге шығыны материалдық залал ретінде өтелетін болды.