Ақтөбеде жүзуден еңбек сіңірген бапкер алаяқ деп танылды

Көркем Алдабергенова 25 қыр. 2025 10:11

Ақтөбе қаласының №2 соты жүзуден еңбек сіңірген бапкер Азамат Сарбасовқа қатысты үкім шығарды. Ол алаяқтық жасады деп танылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Kznews.kz мәліметінше, өткен жылдың күзінде және биыл көктемде Ақтөбе жоғары спорт шеберлігі мектебінің бапкері шәкірттерімен бірге Шымкентте оқу-жаттығу жиындарына барғаны туралы құжат рәсімделген. Рапорт негізінде іссапар шығындарына алғашында 1,5 млн теңге, кейін 1,9 млн теңге бөлінген.

Сарбасов Шымкенттен оралған соң бухгалтерияға барлық құжаттарды, соның ішінде пойыз билеттері мен отырғызу талондарын тапсырған.

Алайда кейінгі тексеріс барысында Ішкі мемлекеттік аудит департаменті бапкердің екі жағдайда да шәкірттерімен бірге жиынға бармағанын анықтады. Ол бөлінген қаражатты өз қажетіне жұмсаған. Жиыннан хабарсыз болғанын спортшылардың өздері де растаған.

56 жастағы бапкер сотта кінәсін мойындады. Істі қараған сот оны алаяқтық жасағаны үшін айыпты деп таныды.

Сарбасов 3 жыл 6 айға бостандығын шектеу жазасына кесілді. Алайда Конституцияның 30 жылдығына байланысты жарияланған амнистияға сәйкес жаза мерзімі 2 жыл 4 айға қысқарды. Сонымен қатар ол Жәбірленушілерге өтемақы қорына 78,6 мың теңге төлеуге міндеттелді.

Сот шешімімен оған алдағы 6 жыл бойы мемлекеттік органдарда, соның ішінде спорт мектептерінде жұмыс істеуге тыйым салынды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар