Ақтөбеде Гонконг тұмауының 97 жағдайы тіркелді. Науқастардың ішінде екі жүкті әйел және 14 жасқа толмаған 72 баланың бар екені белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz
Ақтөбе облысының медициналық мекемелерінде ЖРВИ диагнозы қойылған 100-ден астам адам емделуді жалғастыруда. Солардың 75-і — балалар. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ақтөбе облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Койшанованың хабарлауынша, А типті тұмау (H3N2 штаммы) 97 адамнан анықталған. Олардың 72-сі 14 жасқа дейінгі балалар болса, екі жағдай — жүкті әйелдерде тіркелген.
Оның айтуынша, Ақтөбедегі жалпы білім беретін мектептерде маска тағу режимі енгізілген жоқ, қосымша шектеу шаралары да қарастырылмаған.
— Оқу ұйымдары қалыпты, дәстүрлі форматта жұмыс істеп жатыр. Эпидемиологиялық жағдай тұрақты күйінде сақталуда, — деді Райхан Қойшанова.
