Freedom Inside '26

«Қазақмыс» медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады

«Қазақмыс» медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады
ҚазақМыс

Жезқазғанда Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты шара өтіп, сала мамандары марапатталды, деп хабарлайды Dala News.

Мерекелік жиында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасының міндетін атқарушының орынбасары Мұқан Үңгетбаев, Ұлытау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Нысамбаев және «КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы Уәлихан Нұржанов медицина қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

Мұқан Үңгетбаев Жезқазған медициналық орталығының өңір үшін маңызы ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, орталық көпсалалы медициналық көмекті өндірістік медицинамен ұштастырып, еліміздегі ірі өндіріс орындарының бірінде еңбек ететін жұмысшылардың денсаулығын қорғауды қамтамасыз етіп отыр.

«Соңғы жылдары Медициналық орталықтың қол жеткізген жетістіктері зор құрметке лайық. Әрбір жаңа бағыттың, енгізілген технологияның және аман қалған әрбір адамның артында сіздердің білімдеріңіз, жауапкершіліктеріңіз және адамдарға көмектесуге деген шынайы ниеттеріңіз тұр», – деді Мұқан Үңгетбаев.

Бүгінде Жезқазған медициналық орталығы Орталық Қазақстандағы ең ірі медициналық мекемелердің бірі саналады. Мұнда шамамен 1200 адам жұмыс істейді, оның 900-ге жуығы – медицина қызметкерлері. Жыл сайын стационарлық емді 13 мыңға жуық адам алады, ал емханаларда 43 мыңнан астам тұрғынға медициналық көмек көрсетіледі.

Салтанатты шара барысында үздік мамандар ведомстволық және корпоративтік марапаттарға ие болып, медицина саласының ардагерлеріне естелік сыйлықтар табысталды.

«Қазақмыс» компаниялар тобында денсаулық сақтау саласын дамыту әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырылады. 2026 жылы Жезқазған медициналық орталығын дамытуға шамамен 1,3 млрд теңге бөлінеді. Бұдан бөлек, кардиохирургия қызметін дамытуға, заманауи медициналық жабдықтар сатып алуға және өндірістік нысандардағы медициналық пункттерді жабдықтауға тағы 500 млн теңге инвестиция салу жоспарланған.

Компанияда медицина қызметкерлерін қолдау, заманауи медициналық инфрақұрылымды дамыту және медициналық көмектің сапасын арттыру өңірлердегі әлеуметтік жауапкершіліктің маңызды бөлігі болып қала беретіні атап өтілді.