Ақтөбе облысында есінен танып, құлаған 28 жастағы мұғалім психиатриялық ауруханадан бір-ақ шықты. Ақнұр Шәкір өзін емханада күштеп ұстап, дәрі қабылдауға мәжбүр еткенін айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Педагог бес ай бұрын ана атанған. Жеті жыл некеден кейін ЭКО арқылы дүниеге келген бала көптен күткен армандары да екен. Жаңа туған сәбидің қырқынан шыққанша мазасыз болатыны белгілі. Әйелдің айтуынша, өткен бірнеше ұйқысыз түннен кейін өзін нашар сезініп, есін де жоғалтқан. Күйеуі ауылдық медбикені шақырған. Алайда бәрі күтпеген жағдай орын алып, әйелді психиатриялық ауруханаға бір-ақ алып кеткен, деп хабарлайды КТК.
"Алдымен олар мені Алғалыдағы ауруханаға алып келді. Ол жерде мені бірнеше дәрігер тексеріп, Ақтөбеге барып анализ тапсыру керектігімді айтты. Мен еш ойланбастан қалаға бардым. Бірақ соңында мені алдап, психиатриялық ауруханаға қамап тастады. Мен түні бойы сол жерде болдым. Ұйықтамадым. Тіпті, жанымда шын науқастар да болды, сау екенімді айтып, олардың барлық тестіден өтсем де мені мәжүрлеп, дәрі ішкізді", - дейді Ақнұр Шәкір.
Болған жағдайға алаңдаған Ақнұрдың ата-анасы қызының неліктен психиатриялық емханаға түскенін анықтауға тырысқан. Олардың айтуынша, дәрігерлер мұны босанғаннан кейінгі депрессиямен байланыстырады.
"Психиатриялық ауруханада оның босанғаннан кейінгі күйзеліске ұшырағанын, 21 күн емделетінін айтты. Ал оған дейін оны босата алмайтындарын, бұл заңды екенін де нақтылады. Содан 911-ге хабарластық. Учаскелік полиция қызметкері келді, бірақ ол көмектесе алмайтынын айтты. Мен оның бес айлық ұлын қолымда ұстап отырып, жыладым. Сосын дәрігерлер баланы тартып алып, балалар үйіне тапсырамыз деп қорқытты", - дейді мұғалімнің анасы Гүлден Жәутімова.
Ақнұрдың ешқайда тіркеуде тұрмағанына қарамастан ауруханадағылар дәрігерлік құпияға жүгіне отырып, оны ауруханаға жатқызу себебін түсіндіруден бас тартқан.
Гүлмира Оразова, Ақтөбе облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары:
- Ақнұрды психиатриялық ауруханаға жеткізген Алға аудандық ауруханасының меңгерушісі әйелді себепсізден себепсіз жіеріп отырған жоқ. Алайда оның диагнозын ашып айтуға болмайды. Бірақ олар алаңдаушылық тудыратын белгілер болғанын айтады. Сондықтан жас ананы дереу ауруханаға жатқызуға тура келді.
"Туыстарының шағымы бойынша науқас Алға орталық аудандық ауруханасына жеткізілді. Біз оны әрі қарай тексеру және емдеу үшін мамандандырылған емханаға жібердік", - дейді алғалық дәрігерлер.
Ақнұр қазір ата-анасымен уақытша тұрып жатыр. Ол күйеуінің қолхатымен психиатриялық диспансерден босап шыққан. Жас ұстаздың ендігі үлкен қорқынышы – емханада болған қорқынышты түн артта қалмай, алда да жұмысында қиындықтар туғызуы мүмкін бе деп секемденеді.