Ақтөбеде 5,5 млрд теңгеден астам газ қарызы бойынша дау медиациямен шешілді

Ақтөбеде 5,5 млрд теңгеден астам газ қарызы бойынша дау медиациямен шешілді
pixabay.com

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 5,5 млрд теңгеден асатын ірі мүліктік дауға қатысты істі қарауды аяқтады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жоғарғы сот мәліметінше, дау екі акционерлік қоғам арасындағы табиғи газ жеткізу шартына байланысты туындаған. Шарт бойынша 2026 жылғы қаңтардан мамырға дейін бір компания екіншісіне 5 млрд теңгеден астам сомаға табиғи газ жеткізген.

Алайда жеткізілген газ үшін төлем жасалмаған. Осыған байланысты жеткізуші компания сотқа жүгініп, жинақталған берешекті өндіріп беруді талап еткен.

Істі сот талқылауына дайындау барысында тараптарға дауды соттан тыс реттеудің артықшылықтары түсіндіріліп, медиация рәсімін жүргізуге жәрдем көрсетілген.

Нәтижесінде жауапкер компания қарызының бар екенін мойындаған.

Сот бекіткен медиативтік келісімге сәйкес, борышкер 5,5 млрд теңгеден астам берешекті келісілген төлем кестесі бойынша 2026 жылғы қазан айына дейін өтеуге міндеттенді.

Сонымен қатар тараптар табиғи газдың ағымдағы тұтынылуына ақы төлеу тәртібін келіскен. Олар өзара есеп айырысуларды ай сайын салыстырып тексеруге және қабылданған міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін тетікті бекітуге уағдаласқан.

Медиативтік келісім сотпен бекітілгеннен кейін іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды. Талап қоюшыға бұрын төлеген 86,5 млн теңге мөлшеріндегі мемлекеттік баж қайтарылды.

Соттың мәліметінше, тараптардың медиация арқылы келісімге келуі көп миллиард теңгелік дауды қысқа мерзімде шешуге, қосымша сот шығындарын болдырмауға және міндеттемелерді орындаудың нақты мерзімдері мен тәртібін белгілеуге мүмкіндік берген.