Ақтөбе облысының Ойыл ауданы көктемде болған су тасқынынан қатты зардап шекті. Табиғи апаттан кейін үйлер мен жолдар қирап, ауқымды қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған еді. Алайда осы жұмыстар барысында жергілікті шенеуніктің сыбайлас жемқорлық әрекеті анықталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Диапазон” мәліметінше, Ойыл аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің бұрынғы басшысы Айнат Қазмағамбетовке пара алды деген айып тағылып, ісі сотқа жіберілді. 42 жастағы шенеунік қызметіне биылғы 11 наурызда кірісіп, бір ай өтпей жатып, алғашқы заңбұзушылыққа барған.
Тергеу деректеріне сәйкес, Қазмағамбетов сәуір және тамыз айларында екі мердігер компанияның басшыларынан пара алған. Аталған компаниялар су тасқыны салдарынан қираған ауылдарды қалпына келтіру бойынша келісімшарт жасасқан. Бірінші жағдайында ол 100 мың теңге, ал екінші рет 500 мың теңге пара алғаны анықталды.
Кінәсін толық мойындаған шенеунік прокуратурамен келісімге келді. 15 қарашада Ақтөбе қалалық соты Қазмағамбетовке 21 миллион теңге айыппұл салып, оны мемлекеттік қызметтен өмір бойына шеттету туралы үкім шығарды.
Пара берген мердігер компания директоры да жазадан құтылған жоқ. Оған 10 миллион теңге айыппұл салынып, мемлекеттік қызметке араласуға тыйым салынды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.