Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында өңірдің әлеуметтік саласындағы ағымдағы жобалар мен даму перспективалары туралы айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әкімнің айтуынша, өңірде халықты спортқа тарту және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында берген тапсырмаларын орындау үшін маңызды бастамалар жүзеге асырылып жатыр.
Мәселен, Ақтөбеде «ALAN» жобасы аясында бюджеттік емес қаражат есебінен футбол алаңы жаңартылды, ал Хромтау ауданында «FIFA ARENA» бағдарламасы бойынша заманауи мини-футбол стадионы ашылды.
«Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған бірегей спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Онда 25 спорт түрі бойынша оқыту жоспарланған. Нысан Қазақстандағы инклюзивтік стандарттарға бейімделген алғашқы кешендердің бірі болады және жыл соңына дейін пайдалануға беріледі», – деді облыс әкімі.
Футбол ақтөбеліктердің өмірінде ерекше орынға ие. Бұл спорт түрінің жоғары танымалдығын ескере отырып, облыс орталығында УЕФА-ның төртінші деңгей талаптарына сай 35 мың орындық жаңа стадионның құрылысы басталды. Ол «Ақтөбе» әлеуметтік-іскерлік орталығының аумағында салынуда. Жанында 5 мың орындық көпфункционалды спорт кешенінің жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Асхат Шахаров мәдениет саласының да басты назарда екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ақтөбеде жаңа заманауи драма театрының құрылысы басталды. Жобаға облыстық бюджеттен 2,8 млрд теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Әкімнің айтуынша, басым бағыттардың бірі – ауыл тұрғындарын сапалы интернетпен қамтамасыз ету.
«2025 жылы өңірдің 12 ауылы интернет желісіне қосылды, жыл соңына дейін тағы үш елді мекенде интернет пайда болады», – деді Асхат Шахаров.
Халқы 100 адамға дейінгі шағын ауылдар үшін OneWeb спутниктік технологиясы енгізілуде. Бүгінде 19 ауыл қосылған, жыл соңына дейін тағы 5 ауылды қамту жоспарда.
Сонымен қатар «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында облыстың 9 ауданында 17 антенна-мачта құрылғысын орнату үшін орындар анықталды. Барлық қажетті құжаттар дайындалды.
