Ақтаудағы ұшақ апатын дронмен суретке түсірген блогер қамауға алынды

Көркем Алдабергенова 26 жел. 2024 09:08 1192

Ақтауда ұшақ апаты болған жерді суретке түсірген блогер Азамат Сәрсенбаев қамауға алынды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы блогердің адвокаты Айбек Сүйіндіков хабарлады. 

"Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық сотының үкімімен Азамат Сәрсенбаев Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны, яғни құқық қорғау органының қызметтік міндеттерін орындауына байланысты оның заңды талабына бағынбағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот тарапынан 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза тағайындалды. Істің мән-жайын ескере отырып, сот ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабының 1-бөлігінің санкциясы шегінде, онда әкімшілік қамаудың ең ұзақ мерзімі 15 тәулік деп белгіленген, жаза қолданды", дейді адвокат. 

Соттың қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтауда ұшақ апатқа ұшыраған жерді түсірген блогер ұсталғаны белгілі болды. 

Блогер бұл туралы Instagram парақшасында жазды.

"Мені ұстады. Ақтау қалалық полиция басқармасына бара жатырмын. Ұшақ апатқа ұшыраған жерді түсіргенім үшін ұстаған болуы мүмкін", - деді ол.

Маңғыстау облысының ПД мәліметінше, Сәрсенбаев қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ұсталған.

"Ол оқиға орнында дрон ұшырып, құтқару және тергеу жұмыстарына кедергі келтірді және полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбады. Қазір құқықбұзушы полиция басқармасына жеткізілді, оған қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады", - деді полиция.

Айта кетейік, бұған дейін блогер дрон көмегімен Ақтаудағы жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған жерді суретке түсіріп, жариялаған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар