Ақтаудағы ұшақ апаты: қаза тапқандардың отбасына қанша теңгеден берілді

Көркем Алдабергенова 24 қаң. 2025 13:21 2081

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтауда Azerbaijan Airlines ұшағы апатқа ұшыраған кезде қаза тапқан жолаушылардың отбасыларына қандай өтемақы төленгенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz

Үкіметте өткен брифингте журналистер вице-премьерден Баку - Грозный бағыты бойынша ұшқан ұшақ жолаушыларының қаза тапқан отбасыларына қандай көмек көрсетілгенін сұрады.

“Әр отбасына тиісті сома төленді. Жерлеу рәсімдері және басқа да мәселелерді біздің әріптестеріміз өз мойнына алды. Оқиға орнына бару және олардың тасымалдануы қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта демеушілік көмектің арқасында қаза тапқандардың отбасыларына тиісті қолдау көрсетіледі. Отбасы мүшелеріне шамамен 5 миллион теңге төленуі керек еді. Оған қоса, жерлеу шығындары, мәйітті тасымалдау, жол шығындары бар, бұл төлемдер осымен шектелмейді”, – деді Бозымбаев.

Айта кетейік, 2024 жылы 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.

Ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны — 38. Қайғылы оқиғадан 29 адам аман қалды.

Қайғылы оқиғадан кейін Әзербайжанда Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Түсте бүкіл ел бойынша мемлекеттік тулар түсіріліп, көліктер тоқтады. Әзербайжандықтар қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар