Ақтауда техникалық қызмет көрсету станциясында ірі өрт шығып, екі адам ауыр күйікпен облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды Dalanews.kz "Lada.kz"-ке сілтеме жасап.
Оқиға 6 ақпан күні таңертең 29А шағынауданында орналасқан екі қабатты, бес бокстан тұратын автокөлік жөндеу станциясында болған. Өрт шыққан нысаннан өрт сөндіру бөліміне дейінгі қашықтық шамамен 4 шақырымды құрайды.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт салдарынан станцияның екі гараж боксы толықтай отқа оранған. Ғимарат ішінде болған екі адам термиялық күйік алып, шұғыл түрде облыстық ауруханаға жеткізілген.
Зардап шеккендердің бірі – 1993 жылы туған, Өзбекстан Республикасының азаматы. Ол СТО-да жұмыс істеген. Дәрігерлер оның басы, беті, тыныс алу жолдары, мойны, қол-аяғы, кеуде тұсы, іш және арқа аймағы күйгенін анықтаған. Денесінің шамамен 90 пайызы зақымдалған.
Екінші зардап шеккен адам да аталған станцияның қызметкері. Оның беті, құлақ қалқандары, кеудесінің сол жақ бөлігі, екі қолы, сан және табан аймақтары күйген. Күйік көлемі 25–30 пайызды құрайды, жарақаттың II–III дәрежесі тіркелген. Сонымен қатар, жоғарғы тыныс жолдарының ингаляциялық термиялық күйігі анықталған.
Дәрігерлер екі науқастың да жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Олар жансақтау бөлімінде жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
Өрт салдарынан ғимарат ішінде үш автокөлік қатты зақымданған.
Өрттің жалпы аумағы 150 шаршы метрді құраған. Өрт 09:21-де оқшауланып, 10:43-те толықтай сөндірілді. Қазіргі таңда өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Тілсіз жауды сөндіруге төтенше жағдайлар қызметінен 23 адам және 4 техника, полиция департаментінен 8 қызметкер мен 4 техника, сондай-ақ Апат медицинасы орталығынан 4 маман мен 1 техника жұмылдырылған.
