Ақтаудағы жаңа тұрғын үй кешенінің тұрғындары қақаған суықта тоңып отыр

Көркем Алдабергенова 06 қаң. 2026 12:41

Ақтаудағы 12-шағынауданда орналасқан Aktau Towers тұрғын үй кешенінің тұрғындары қарапайым тұрмыстық жағдайдың жоқтығына шағымданып, редакцияға жүгінді. Олардың айтуынша, жылу маусымы басталғалы бері пәтерлеріне жылу берілмеген, деп хабарлайды Dalanews.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Тұрғындардың сөзінше, қазіргі таңда үйде шамамен 40–50 пәтерге адам қоныстанған. Көпшілігі ресми түрде пайдалануға берілмесе де, жөндеу жұмыстарын аяқтап, тұрмысын бастап кеткен.

Сонымен қатар, тағы 100–150 пәтер иесіне кілт тапсырылған. Алайда жылу жүйесі қосылмағандықтан, олар жөндеу жұмыстарын бастай алмай отыр.

Қала тұрғындарының айтуынша, барлық қажетті құжат рәсімделген, ішкі инженерлік желілер толық аяқталған, сондықтан жылу беруге ешқандай кедергі жоқ.

«Құжат жағынан да, ішкі жұмыстар бойынша да мәселе жоқ. Біз тек үйдің жылуға қосылуын күтіп отырмыз. Қазірдің өзінде пәтерлерде балалар мен қарт адамдар тұрып жатыр. Суықтан тоңып, жиі ауыратын болдық. Бірнеше рет Каспий жылу, су арнасы МКК-не жылу қосу туралы өтініш жолдадық, бірақ компания өкілдерімен байланысу мүмкін болмай отыр», – дейді тұрғындар.

Застройщик өкілінің айтуынша, «Aktau Towers» тұрғын үй-құрылыс кооперативі, МАЭК ЖШС және Каспий жылу, су арнасы арасында жылумен қамтуға қатысты келісімшарттар жасалған. Алайда әзірге жылу қосу жұмыстары жүргізілмеген.

Мәселеге назар аударту үшін тұрғындар билік өкілдеріне бейнеүндеу жазуға мәжбүр болған.

Ал Каспий жылу, су арнасы МКК редакцияның ресми сұрауына былай жауап берді:

«Бейнежазбада көрсетілген мекенжай бойынша застройщиктен немесе қызмет көрсетуші ұйымнан жылумен қамтуға қатысты ресми өтінім түскен жоқ. Соған қарамастан, мамандарымыз нысанға барып, тексеру жүргізеді. Қорытындысы бойынша өз құзыретіміз аясында тиісті шаралар қабылданады».


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар