Ақтауда тіркелмеген медициналық бұйымдарды қолданған орталық жауапқа тартылды

Ақтауда тіркелмеген медициналық бұйымдарды қолданған орталық жауапқа тартылды
pixabay.com

Ақтауда тіркелмеген медициналық бұйымдарды пайдаланған медициналық орталық әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының мәліметінше, іс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 426-бабы 3-бөлігі (тіркелмеген немесе қолдануға рұқсат етілмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру, сатып алу, тасымалдау, сақтау, өткізу, қолдану немесе жарнамалау) бойынша қаралған.

Соттың анықтауынша, 2026 жылдың шілде айында Маңғыстау облысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаменті тұрғынның шағымынан кейін медициналық орталыққа жоспардан тыс тексеру жүргізген.

Шағымданушы 2026 жылғы 18 мамырда аталған медициналық орталыққа медициналық қызмет алу үшін жүгінгенін көрсеткен. Қызмет көрсетілгеннен кейін оның денсаулығы нашарлаған.

Тексеру барысында медициналық орталықтың тіркелмеген медициналық бұйымдарды пайдаланғаны анықталған.

Сот әкімшілік жаза тағайындау кезінде істің мән-жайын, жауапкердің кінәсін толық мойындағанын және жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлардың бар екенін ескеріп, әкімшілік айыппұл мөлшерін 30 пайызға қысқартқан.

Нәтижесінде жауапкершілігі шектеулі серіктестікке 605 500 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Бұдан бөлек, медициналық қызметпен айналысуға берілген лицензияның қолданылуы бір ай мерзімге тоқтатылды. Сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтың тікелей заты болған дәрілік заттарды тәркілеу және жою туралы шешім қабылданды.

Сот отырысында медициналық орталықтың өкілі кінәсін толық мойындаған.

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.