АҚШ Венесуэла мұнайының экспортын бақылауға алмақ

Көркем Алдабергенова 08 қаң. 2026 09:14

АҚШ-тың энергетика министрі Крис Райт Америка Құрама Штаттары Венесуэлаға қатысты теңіз блокадасын алып тастауды, алайда оның мұнай экспортын бақылауға алуды жоспарлап отырғанын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.

Бұл туралы шенеунік бір күн бұрын Goldman Sachs банкінің энергетика жөніндегі конференциясында мәлімдеген.

Оның айтуынша, мұнай сатудан түскен кірістер Вашингтонның бақылауындағы есепшоттарға түсіп, кейін Венесуэла экономикасын қалпына келтіруге бағытталмақ.

Райттың хабарлауынша, алдымен АҚШ Венесуэла қоймаларында сақтаулы тұрған мұнайды сатады, одан кейін «белгісіз бір уақыт аралығында» елде өндірілетін мұнайды да өткізу жоспарланып отыр.

"Қазіргі жағдайдағыдай мұнай жеткізілімін бұғаттаудың орнына, біз оның АҚШ-тағы және әлемдегі мұнай өңдеу зауыттарына түсуіне мүмкіндік береміз, осылайша мұнай жеткізілімін жақсартамыз. Алайда бұл сатылымдарды АҚШ үкіметі жүзеге асырады", – деп түсіндірді министр.

Осы ретте Bloomberg агенттігінің мәліметінше, қаражатты АҚШ Қаржы министрлігінің есепшоттарында орналастыру оларды Венесуэланың кредиторларынан қорғауға мүмкіндік береді. Агенттікке АҚШ әкімшілігінің екі өкілі елге қатысты санкцияларды біртіндеп жеңілдету жоспарланып отырғанын айтқан.

Мексика шығанағы жағалауындағы көптеген америкалық мұнай өңдеу зауыттары Венесуэлада өндірілетін ауыр, күкірт мөлшері жоғары мұнайды өңдеуге маманданған. Бұрын олар венесуэлалық шикізаттың ірі сатып алушылары болған, алайда соңғы жылдары АҚШ санкцияларына байланысты жеткізілімдер шектелді.

Венесуэланың мұнай саласын қалпына келтіруге америкалық көшбасшы Дональд Трамп Chevron, ConocoPhillips және Exxon Mobil секілді америкалық компанияларды тартуды көздеп отыр. Материалда атап өтілгендей, Венесуэланың мұнай өнеркәсібі Николас Мадуро мен оның алдындағы Уго Чавес билігі кезеңінде айтарлықтай құлдыраған.

Societe Generale банкінің шикізат нарықтарын талдау жөніндегі директоры Майкл Хэй бағалауынша, 1998 жылы, Чавес билікке келмей тұрып, Венесуэлада тәулігіне 3,4 миллион баррель мұнай өндірілсе, қазір бұл көрсеткіш 1 миллион баррельден төмен түскен.

Bloomberg дерегіне сәйкес, Трамп әкімшілігі бірнеше мұнай компаниясымен келіссөздер жүргізіп қойған. Агенттік дереккөздерінің айтуынша, президент Ақ үйде энергетикалық компаниялардың басшыларымен кездесу өткізуді жоспарлап отыр.

Exxon мен ConocoPhillips бұған дейін Венесуэлада жұмыс істеген, алайда 2000-жылдары олардың активтері мемлекет меншігіне алынған. Қазіргі уақытта елде шектеулі көлемде мұнай өндірумен тек Chevron ғана айналысып отыр.

Америкалық мұнай компаниялары Венесуэлада жұмысты қайта бастауға қатысты әзірге ашық мәлімдеме жасаған жоқ. Bloomberg жазуынша, олар ел ішіндегі және АҚШ-тағы саяси жағдайдың тұрақтылығына көз жеткізгісі келеді.

Осы хабарламалар аясында 7 қаңтарда мұнай бағасы төмендеді. Brent маркалы мұнай 1,3 пайызға арзандап, баррелі 60 доллардан төмен түсті, ал америкалық WTI 2 пайызға төмендеп, 56 доллар болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар