АҚШ Украинаға әскери көмекті қаржыландыруды тоқтатады - Ақ үй

Сағыныш Сардарова 01 нау. 2025 18:29 1793

АҚШ президентінің баспасөз хатшысы штаттар Ресеймен соғысқа "чек шығаруды" тоқтататынын айтты, - деп хабаралайды Dalanews.kz.

Fox News арнасының эфирінде Дональд Трамптың баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт АҚШ бейбіт келіссөздерге басымдық беретінін мәлімдеді.

"Трамп әкімшілігі Украинадағы қақтығысты қаржыландыруды тоқтатады, өйткені бейбіт келіссөздерге басымдық беріледі", - деді Кэролайн Левитт.

Трамп әкімшілігінің баспасөз хатшысының айтуынша, Зеленский қарым-қатынасын өзгертуі керек, әйтпесе "ол мүлдем мәміле жасай алмайды".

Ақ үйдегі дау

Украина президенті Владимир Зеленский, Америка президенті Дональд Трамп және АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс арасындағы Ақ үйдегі кездесуде қызу дау туды.

Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путин келіссөз жүргізуде дәрменсіздік көрсеткенін айтып, 2014 жылдан бері оның әрекетіне ешкім тоқтау бола алмағанын еске салды.

"Адамдарды қырды. Оны ешкім тоқтатқан жоқ. Арамызда көп әңгіме болды. Мен атысты тоқтату туралы келісімге қол қойдым, бәрі әрі қарай ешкім жалғастырмайтынына сендірді... Мұнда қандай дипломатия көмектеседі?" - деді ол.

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс майданда Украинада ер адамдар жетіспейтінін айтты. Зеленский бұған жауап ретінде оның Украинада болмағанын және соғыс кезінде барлық елде, тіпті АҚШ-та да осындай проблемалар болатынын айтты. Бұған Трамп араласып, Зеленский "мұны біле алмайтынын" мәлімдеген.

"Бізге не сезетінімізді айтпаңыз. Біз сіздердің мәселелеріңізді шешуге тырысып жатырмыз. Өз позицияңызды таңудың қажеті жоқ. Бізге бұйыруға қақыңыз жоқ", - деді Трамп.

Трамп Зеленский АҚШ-қа ризашылық білдіруі керек екенін жеткізді, өйткені оның сөзінше, Украинаның қолында Вашингтонға өз шарттарын айтатындай "дұрыс карталар жоқ". Бұған жауап ретінде Украина президенті Америка Құрама Штаттарына "карта ойнауға келмегенін" мәлімдеді.

Бұл одан әрі дау тудырған. Трамп Зеленскийді Американы құрметтемеді деп айыптап, Киевтің жағдайы ауыр екенін және Ресеймен соғыста сәтсіздікке ұшырағанын жеткізді. Оның айтуынша, Зеленский миллиондаған адамның өміріне қауіп төндіріп, үшінші дүниежүзілік соғыс басталуына себеп болуы мүмкін. Зеленский атысты тоқтатуға әлі дайын емес екенін мәлімдеген кезде Трамп Украинада сарбаздар таусылып жатқанын баса айтқан.

"Не мәміле жасайсыздар, не біз кетеміз. Ал біз кетсек, сіздер күресті соңына дейін жеткізесіздер. Менің ойымша, бұл жақсы болмайды", - деді Трамп.

Зеленскийдің АҚШ-қа сапары

2025 жылы 28 ақпанда Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-қа ресми сапармен барды. Оның ұшағы Joint Base Andrews әуе базасына қонды. Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесіп, кездесу барысында екі елдің басшылары сирек кездесетін металдар туралы келісімге қол қояды деп күтілді.

Ал АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Ақ үйге28 ақпанда АҚШ-қа Украинаның табиғи ресурстарына құқық беретін келісімге қол қою үшінкелетінін айтты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар