Венесуэланың ішкі істер министрі Диосдадо Кабельо АҚШ жүргізген операция салдарынан кемінде 100 адам қаза тапқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұған дейін Каракас билігі қаза тапқандардың жалпы санын жарияламаған еді. Алайда Венесуэла армиясы шабуыл кезінде мерт болған 23 әскери қызметкердің тізімін жариялады. Reuters агенттігінің жазуынша, венесуэлалық ресми тұлғалар Мадуроны күзеткен қауіпсіздік қызметінің едәуір бөлігі «аяусыз түрде атылып өлтірілгенін» мәлімдеген.
Сонымен қатар Куба билігі Венесуэла аумағында болған кубалық әскери қызметкерлер мен барлау өкілдерінің қаза тапқанын хабарлады. Кабельоның айтуынша, рейд кезінде Мадуромен бірге ұсталған оның жұбайы Силия Флорес басынан жарақат алған, ал Мадуроның аяғы зақымданған.
Мемлекеттік телеарнадағы апта сайынғы бағдарламасында Кабельо билік өкілдерін «батыл» деп атап, сейсенбі күні Венесуэла билігі рейд барысында қаза тапқан әскери қызметкерлерге байланысты бір апталық аза тұту жариялағанын мәлімдеді.
Еске салайық, 3 қаңтар күні Николас Мадуро мен оның жұбайы АҚШ арнайы жасағы жүргізген операция барысында ұсталған. Алдымен олар АҚШ-тың Гуантанамодағы әскери базасына жеткізіліп, кейін Нью-Йорк қаласына жөнелтілген.
