Ақ үй "босану туризміне" қарсы жаңа шараларды талқылап жатыр. Ұсыныстардың қатарында жүкті шетелдік әйелдердің АҚШ-қа кіруіне тыйым салу мәселесі де бар, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамптың туу құқығы арқылы азаматтық беруді жоюға бағытталған бастамасы Жоғарғы сот шешімімен қолдау таппаған еді. Сот АҚШ аумағында туған балалардың автоматты түрде азаматтық алу құқығын сақтап қалды.
Осыдан кейін Трамп әкімшілігі "босану туризмімен" күресудің жаңа тетіктерін әзірлей бастады. Қаралып жатқан шаралар қатарында жүкті шетел азаматтарының елге кіруіне толық тыйым салу, сондай-ақ, мұндай сапарларды ұйымдастыратын тұлғалар мен босану үшін АҚШ-қа барған әйелдерді алаяқтық баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс бар.
АҚШ әкімшілігі өкілдерінің бірі үкімет заңсыз көші-қонды ынталандыратын факторларға және тек АҚШ-та босанып, баласына азаматтық алу мақсатымен келетін шетелдіктерге қарсы күресті жалғастыратынын айтты.
Сарапшылардың бағалауынша, АҚШ-та жыл сайын дүниеге келетін 26 мыңға дейінгі баланың анасы елге тек босану мақсатында келген болуы мүмкін.