АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) қазақстандық "Тур Инвест" компаниясын санкция тізіміне енгізді. Компания Иранның Mahan Air әуе компаниясымен байланысы үшін АҚШ-тың екінші деңгейлі санкциясына ұшырау қаупінде тұр, деп хабарлайды dalanews.kz.
OFAC мәліметінше, Алматыда тіркелген "Тур Инвест" Иранның Mahan Air әуе компаниясының жергілікті сату агенті ретінде жұмыс істейді. Mahan Air Алматыға да рейстер орындайды.
Алайда Secondary sanctions risk деген белгі компанияға қазірдің өзінде санкция салынды дегенді білдірмейді. Санкция енгізілген болса, OFAC құжатында Subject to Secondary Sanctions деген белгі көрсетілер еді. Сондықтан әзірге АҚШ тарапы "Тур Инвестке" қандай шара қолдануы мүмкін екені белгісіз.
Айта кетейік, "Тур Инвест" ЖШС 2014 жылы құрылған. Компания шағын кәсіпорын ретінде тіркелген. Ол бюджетке 18,2 миллион теңге салық төлеген. Құжат бойынша оның негізгі қызметі - туристік оператор.
Сонымен қатар, Қазақстан санкция қысымына ілігу қаупі бар жалғыз ел емес. OFAC-тың жаңа тізіміне Малайзия, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және Ұлыбританияда тіркелген компаниялар да енгізілген. Олардың барлығы Иранның әуе компанияларымен қандай да бір байланысы бар ұйымдар ретінде көрсетілген.