АҚШ пен Иран арасындағы келісім жөніндегі жаңалықтардан кейін әлемдік мұнай бағасы төмендей бастады. Нарық қатысушылары тек ықтимал қақтығыстың тоқтауына ғана емес, сонымен қатар әлемдегі маңызды мұнай тасымалы бағыттарының бірі саналатын Ормуз бұғазының қайта ашылу мүмкіндігіне де назар аударды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мұнай бағасы төмендеді
Қазіргі уақытта Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 78 доллардан төмен бағамен саудаланып жатыр. Ал WTI маркалы мұнайдың құны шамамен 75 долларға дейін түскен.
Айта кетейік, мамыр айының соңында мұнай бағасы барреліне 100 доллар шамасында болған. Алайда Вашингтон мен Тегеран арасында келісім жасалуы мүмкін деген алғашқы ақпараттар жарияланғаннан кейін баға төмендей бастады.
АҚШ пен Иран қандай келісімге келді?
Бұған дейін АҚШ пен Иран 60 күнге арналған алдын ала келісімге қол қойғанын мәлімдеген еді. Құжатта әскери қимылдарды тоқтату, Ормуз бұғазын кеме қатынасына ашу және Иранға қарсы санкцияларды алып тастауға дайындық мәселелері қарастырылған.
Келісім әлі түпкілікті емес
Соған қарамастан, келісім әзірге алдын ала құжат мәртебесінде қалып отыр. АҚШ тарапы оның шарттарының әрі қарай орындалуы алдағы екі айдағы келіссөздердің нәтижесіне байланысты болатынын мәлімдеді.
Сарапшылардың пікірінше, егер тараптар түпкілікті мәмілеге қол жеткізсе және Ормуз бұғазы толық ашылса, бұл әлемдік мұнай жеткізіліміне оң әсер етіп, бағаның одан әрі тұрақтануына ықпал етуі мүмкін.