АҚШ Иранға қарсы жаңа санкциялар енгізуге дайындалып жатыр. Вашингтонның шаралары Иранмен сауда жасайтын елдер мен компанияларға да бағытталуы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.
Reuters мәліметінше, АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент Вашингтон Иранға қарсы «тарихтағы ең қатаң санкцияларды» енгізетінін мәлімдеген. АҚШ билігі бұл арқылы Тегеранның мұнай экспорты мен халықаралық саудасына қысым жасауды көздеп отыр.
Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі Го Цзякунь Бейжің АҚШ-тың жаңа санкцияларын мұқият бақылайтынын және өз құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін қажетті шараларды қабылдайтынын айтты. Қытай бұған дейін де АҚШ-тың біржақты санкцияларына қарсылық білдірген.
Reuters дерегінше, Қытай Иран мұнайының негізгі сатып алушысы болып отыр. 2025 жылы Қытайға Ираннан тәулігіне орта есеппен 1,4 млн баррель мұнай жеткізілген. Алайда АҚШ-тың қысымынан кейін бұл көрсеткіш төмендей бастаған.
Вашингтонның жаңа шаралары Иранның мұнайын сатып алатын қытайлық компанияларға да әсер етуі мүмкін. АҚШ бұған дейін Иран мұнайын сатып алған бірнеше қытайлық мұнай өңдеу кәсіпорны мен тасымалдаушы компанияларға санкция енгізген.
Иран билігі АҚШ-тың жаңа санкцияларын айыптап, Вашингтонның қысымы нәтижесіз болатынын мәлімдеді. Тегеран сондай-ақ санкцияларға жауап беруге дайын екенін ескертті.
Жағдай Ормуз бұғазындағы шиеленіс күшейіп тұрған кезде ушығып отыр. Бұл теңіз жолы арқылы әлемдік мұнай саудасының елеулі бөлігі өтеді. Иран бұғаздағы қозғалысты шектеу қаупін бірнеше рет айтқан.
Reuters мәліметінше, жаңа санкциялардың нақты тізімін АҚШ Қаржы министрлігі бүгін жариялауы мүмкін. Вашингтонның шешімі АҚШ пен Қытай арасындағы қарым-қатынасқа және әлемдік мұнай нарығына қосымша қысым түсіруі ықтимал.