Ақпан қорытындысы: Қазақстандағы ірі банктердің табысы күрт азайды

Қаракөз Амантай 01 сәу. 2026 10:44

2026 жылдың ақпан айында Қазақстандағы ең ірі банктердің қаржылай көрсеткіштері төмендеген. Ұлттық банк деректеріне сүйенсек, елдегі жетекші бес банктің барлығы дерлік өткен жылмен салыстырғанда аз табыс тапқан, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Nege.Aqsha мәліметінше, ең көп шығынға ұшыраған – Kaspi банк. Оның таза табысы бір жылда 20,5 пайыз қысқарған. Halyk Bank та бұрынғы деңгейін сақтай алмай, табысын 10,4 пайызға азайтқан. Ал Банк ЦентрКредит пен Forte Bank көрсеткіштері тіпті төмен. Олардың көрсеткіштері тиісінше 26,4 және 20,3 пайыз құлдыраған. Отбасы банкінің де табысы 8,9 пайыз азайған.

Жалпы алғанда, 2026 жылдың алғашқы екі айында осы бес банк өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 60 миллиард теңге көлемінде табысынан айырылған.Бұл үрдіс тек жекелеген банктерге ғана емес, бүкіл секторға тән. Ақпан айының қорытындысы бойынша елдегі барлық екінші деңгейлі банктердің жиынтық таза табысы 13,3 пайызға төмендеген. Ал 2025 жылы банк секторының табыс өсімі айтарлықтай баяулап, 2024 жылғы 17 пайыздан 6,7 пайызға дейін түскен.

Сарапшылар мұндай өзгерістің басты себебі ретінде салық мөлшерлемесінің көтерілуін атап отыр. Биылдан бастап корпоративтік табыс салығы 20 пайыздан 25 пайызға дейін ұлғайды. Бұл банктердің таза табысына тікелей әсер етіп, қаржылай нәтижелердің төмендеуіне әкелген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove