Ақмола облысының Астрахан ауданында қоғамдық тәртіпті бұзып, полиция қызметкерлерін балағаттаған әйелге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға 6 шілде күні кешке Астрахан ауданына қарасты Жалтыр ауылының орталық алаңында болған. Полицияның мәліметінше, 34 жастағы әйел орта дәрежедегі алкогольдік масаң күйде қоғамдық тәртіпті бұзған.
Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары оған заң талаптарын сақтауды ескерткен. Алайда әйел ескертуге құлақ аспай, полиция қызметкерлерінің ар-намысына тиетін былапыт сөздер айтып, көпшілік алдында балағаттаған.
Ақмола облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, медициналық куәландыру әйелдің масаң күйде болғанын растаған. Осы дерек бойынша билік өкілін қорлау фактісімен қылмыстық іс қозғалды.
Полиция өкілдері азаматтарға құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбау, оларды қорлау немесе қарсылық көрсету заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін еске салды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін 80 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салу немесе 20 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған.