Көлік министрлігі ақылы жолдардан түсетін кірістің бір бөлігін жол құрылысына алынған несиелердің пайыздық мөлшерлемесін жабуға бағыттамақ. Бұл туралы министр Марат Қарабаев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Айтуынша, қазіргі таңда елдегі ақылы жол жүйесі 3,2 мың шақырымды қамтиды. Биыл қосымша 4 мың шақырым жол ақылы жүйеге қосылып, одан 60 миллиард теңге табыс түседі деп жоспарланған. 2026 жылы бұл көрсеткіш 100 миллиард теңгеге жетуі мүмкін.
“Қазіргі уақытта осы қаражаттың бір бөлігін жол құрылысына алынған несиелерді өтеуге бағыттау мүмкіндігі қарастырылуда. Өткен жылы ақылы жолдардан түскен табыс 48 миллиард теңгені құрады,” – деді Қарабаев.
Сондай-ақ министр жол бойындағы инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылып жатқанын айтты.
“Бүгінде елімізде 1,4 мың сервистік нысан бар, олардың 90%-ы ұлттық стандарттарға сай келеді. Биыл бұл көрсеткіш 100%-ға жетуі керек. Оған қоса, ірі инвесторлар – QazaqOil, RoyalPetrol және Compass 400-ден астам нысан салуды және жаңғыртуды жоспарлап отыр. Жалпы, 2029 жылға дейін 60 сервистік кешен салу көзделген, оның 10-ы биыл іске қосылады. Жобаға 120 миллиард теңге инвестиция қарастырылған. Бұл нысандарда автотұрақтар, жанармай құю бекеттері, демалыс орындары қарастырылады. Сонымен қатар, Қазақстанда алғаш рет ұлттық қонақүй желісі мен оның франшизасын дамыту жоспарланып отыр,” – деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін Марат Қарабаев Астанадағы LRT құрылысына Ұлттық Қордан қаржы бөлінгенін растаған еді.
Министрдің айтуынша, биыл жобаны аяқтау үшін қосымша қаржы бөлінген. Алайда оның нақты қай көзден алынғанын және қандай инвесторлардың қатысқанын жергілікті билік шешкен.
“Бұл мәселемен толықтай Астана әкімдігі айналысты, сондықтан қаржы көздеріне қатысты егжей-тегжейлі ақпарат бере алмаймын. Жалпы, құрылыс жұмыстары мен оның іске қосылуы әкімдіктің құзырында”, – деп түсіндірді министр.
Сонымен қатар ол Ұлттық қордан қаржы бөлінгені туралы мәліметті растады.
“Иә, белгілі бір сома Ұлттық қордан бөлінді. Өйткені бұл қаражатты бөлу біздің министрлік арқылы жүзеге асырылды,” – деді Марат Қарабаев.