Алқалы жиынға облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков, облыстық, қалалық, аудандық ардагерлер кеңестері төрағалары, зиялы қауым өкілдері мен дін саласының қызметкерлері, төбе билер, үкіметтік емес ұйымдар мен әйелдер қауымдастығы және бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары қатысты.
Қатысушылар дін мен дәстүрдің арасына жік салып жүрген кейбір топтардың әрекеттеріне қарсы тұру жайына тоқталды. Мәселен, өз отандастарының, бауырларының арасында алауыздық тудырып, өзге түгілі, өз ата-анасын кәпір санап, ортаға теріс әсер етіп жүргендердің қоғамға қауіп төндіріп келе жатқаны әңгіме арқауына айналды. Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары ұлт болып қалыптасқалы бері жинақталған сан ғасырлық құндылықтарды, дәстүрлі дінді кейбіреулердің теріске шығаруға ұмтылғаны орынсыз екенін жеткізді.
«Қазақ халқының ұлттық ұғымымен ұштасқан Ислам діні ешуақытта дәстүрді теріске шығарған емес. Сондықтан да мұсылман қауымына жататын әрбір ұлттың ұлт болып қалыптасуындағы салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын діннен бөлек, діни наным-сенімдерінен ажыратып, бірін екіншісінен оқшаулап қарау мүмкін емес», – деді Ұласбек Сәдібекұлы.
Сондай-ақ, жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан дәстүрлі дінінің құндылықтарын халық арасында насихаттап, дін мен дәстүр байланысын нығайта түсу жолында атқарылған игі істер айтылды. Алайда, аталған мәселелені шешуге бұл шаруалар аздық ететіні, онымен қоғам болып күресу керек екенін айтты жиналғандар.
Мәселен, қоғамдағы діни рәсімдер мен жоралғыларды жүргізу барысында ысырапшылдыққа жол бермеу, мазараттарды күтіп ұстау мәселелерімен зиялы қауым өкілдері айналысу керектігі сөз болды. Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен «Жаназа және діни рәсімдер» кітабын көмекші құрал ретінде пайдалану ұсынылды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі