Ақыл-есі кем жігітті зорлаған үш ағайынды сотталды

Көркем Алдабергенова 08 қаз. 2025 11:08

Түркістан облысының Келес аудандық соты 24 жастағы ақыл-есі кем жігітті зорлады деп айыпталған үш ағайындыға үкім шығарды. Олардың әрқайсысы 9 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оқиғаның мән-жайы

Бұл сұмдық жағдай туралы алғаш рет 2025 жылдың наурызында “НеМолчи.kz” қоры жариялаған болатын. Ұйымның дерегінше, дамуы 4 жастағы бала деңгейінде деп бағаланған жігіт бірнеше жыл бойы өз туыстары мен көршілерінің зорлығына ұшырап келген.

Жәбірленушінің анасы қылмысқа алты адамның қатысы бар екенін, олардың арасында кәмелетке толмағандар да барын мәлімдеген. Алайда сот алдында тек үш ересек туысы ғана жауапқа тартылды.

Сот процесі мен үкім

Іс жабық режимде қаралды. Тергеу материалдарына сәйкес, екі ағайынды бірнеше рет топ болып зорлау (ҚР ҚК 121-бабы 2-бөлігі 1 және 4-тармақтары) бойынша айыпталған. Үшіншісі – топтық зорлау және ұрлық (ҚР ҚК 121-бабы 2-бөлігі 1-тармағы; 188-бабы) баптарымен сотталды.

Жәбірленушінің адвокаты Гүлайхан Турсуманова Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында сот барлығына тоғыз жылдан жаза тағайындағанын айтты.

«Ең бастысы – олардың кінәсі дәлелденіп, айыпты деп танылды. Бұл жәбірленушінің анасы үшін ең маңыздысы еді. Бұған дейін прокурор сұраған тоғыз жыл бізге тым жеңіл жаза болып көрінген. Үкімге шағым түсіріп, жазаны күшейту мәселесі анасының шешіміне байланысты болады», – деді адвокат.

Сондай-ақ ол сотталғандар жәбірленушіге 5 миллион теңге өтемақыны бірігіп төлеуге міндеттелгенін мәлімдеді.

Жаңа өтініш берілмек

Жәбірленушінің анасы зорлыққа тағы үш жергілікті тұрғынның қатысы болуы мүмкін екенін айтқан. Адвокат Турсуманованың сөзінше, үкім заңды күшіне енгеннен кейін олар бұл адамдарға қатысты қайтадан арыз түсірмек. Бұған дейін осы үш адам бойынша қозғалған іс тоқтатылған еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар