Freedom Inside '26

"Әпкемнен айырылып қалдым": Бала Жамбыл өміріндегі ауыр кезеңді еске алды

"Әпкемнен айырылып қалдым": Бала Жамбыл өміріндегі ауыр кезеңді еске алды
Dalanews.kz коллажы

"Бала Жамбыл" есімімен танылған жас ақын Жамбыл Дүйсенов журналист Жылқышыбайға берген сұхбатында соңғы жылдары не себепті көпшілік көзінен тасада қалғанын айтты, деп хабарлайды ozgeris.info.

Ақынның сөзінше, оның өміріндегі ең ауыр кезең 2020 жылы басталған. Сол жылы ол өзіне өте жақын болған әпкесінен айырылған. Жамбыл бұл қайғының бүкіл отбасына ауыр соққы болғанын жеткізді.

"2020 жылы өмірімді күрт өзгерткен жағдай болды. Мойныма таққан тұмарымдай болған жалғыз әпкемнен, сырласымнан, ең жақын адамымнан айырылып қалдым. Осы жағдайдан кейін өзімді тастап жібердім. Жұмыстан да шығып кеттім. Тек үйде жаттым, жылай беретінмін", – деді ол.

Жас ақын әпкесі Қытайдан келіп, диплом жұмысын жазып жүрген кезде кенеттен қайтыс болғанын айтты. Оның сөзінше, бұл жағдайдан кейін ол әлеуметтік желіден алыстап, ешкіммен араласпай кеткен.

"Әпкемнің қазасы отбасымызға өте ауыр тиді. Әлеуметтік желіні ұмыттым, ешкіммен байланыспадым, ешкіммен араласпадым", – деді Бала Жамбыл.

Жамбыл Дүйсенов өзін қайта қолға алуына ең алдымен анасының жағдайы себеп болғанын айтты. Ақынның сөзінше, әпкесі өмірден өткеннен кейін анасы да қатты күйзелген.

"Өзімді қолға алған бірінші себеп – анам. Әпкем қайтқан соң анам мүлде жатып қалды. Менімен қоштаса беретін болды", – деді ол.

Ақын бұған дейін де өміріндегі жақын адамдарынан айырылғанын еске алды. 2016 жылы әжесінен айырылғанын, ал әжесі оның тәрбиесінде ерекше орын алғанын айтты.

"Өмірімдегі ең жақын екі адам – әжем мен әпкем еді. Әжемнің тәрбиесімен өттім. Барлық отбасым маған қарап қалды. Әкем де жұмыстан шығып кеткен", – деді Жамбыл.

Сұхбат барысында ол әпкесінің қазасынан кейін ауыр күйзеліске түсіп, өмірден түңілген сәттері болғанын жасырмады. Тіпті өзіне қол жұмсамақ болған кезі де болғанын айтты.

"Әпкем қайтқаннан кейін өзіме суицид жасамақ болғаным рас. 10 жыл бойы ақындығымды да тастап кеттім. Өйткені бұл өмірден көңілім қалып, күдер үзген сәт болды. Бірақ олай болмайтынын түсіндім. Тек өзімді ойлап кетіп қалсам, әулетім жылап қалады", – деді ол.