“Апатты жатақханаға әдейі көшірді”. Ақтөбеде алты баланың анасы қала әкімін жауапқа тартуды талап етті

Қаракөз Амантай 25 мау. 2025 10:50

Ақтөбеде алты баланың анасы қала әкімі Азамат Бекетке шағымданып, оны жауапқа тартуды талап етті. Айтуынша, әкімдік көпбалалы отбасыны апатты жағдайдағы жатақханаға қоныстандырған, деп хабарлайды Dalanews.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

Көпбалалы ана Гүлжан Сейдильдина әкімдіктен уақытша баспана сұрағанда, шенеуніктер оған қирауға шақ қалған, ресми түрде апатты деп танылған ғимараттан бөлме берген.

“Маған “жатақхана бар” деді де, кілтін ұстатты. Бөлім басшылары — Мадияр мен Аружан, депутат Нұржамал, тіпті әкімнің өзі де жағдайдан хабардар еді. Мен оның көмекшісіне де айттым. Арнайы комиссия сонда баруымды ұсынды. Бірақ ол жерде өмір сүру мүмкін емес. Төбелері шіріп кеткен, терезелері сынған, қабырғалары көгеріп, бүкіл жерде тарақандар өріп жүр”, — дейді әйел.

Ол бұл бөлмеге амалсыз барғанын айтады. Жағдайы күрт нашарлап, екі ай бойы жалдамалы пәтерге ақша төлей алмаған.

“Маған ота жасалды, содан кейін қиындықтар басталды. Ақырында пәтерден шығарып жіберді. Балалармен бірге далада қалмас үшін, әкімдік ұсынған бөлмеге бардым”, — дейді ол.

Қазір ол апатты жағдайда деп танылған сол жатақханада төрт баласымен бірге тұрып жатыр. Үлкен екі баласы бөлек кеткен. Жатақханаға көшіп келгеніне бес күн болған.

“Бұл үйдің қабырғалары көгеріп кеткен, іші сасық, күн сайын тарақандар қаптайды. Кеше түнде бір тарақан баламның құлағына кіріп кетті. Жедел жәрдем шақыртуға тура келді. Қорқыныштысы — бұл үй ресми түрде адам тұруға жарамсыз деп танылып, сүруге жатқызылған. Бірақ соған қарамастан, әкімдік мұнда балаларымен бірге отбасыларды қоныстандырып жатыр”, — дейді Гүлжан.

Ол бұл ғимараттың біреудің жеке мүддесіне жұмыс істеп жатқанын да жоққа шығармайды.

“Мұнда басқа жалғызбасты аналар да тұрып жатыр. Қарасам, бөлмелер жалға беріліп жатқан сияқты. Бірақ кім жалға беріп отыр? Белгісіз. Әкімдік қызметкерлері ме, әлде олармен байланысы бар адамдар ма? Неге апатты үй біреудің иелігінде жүр? Неге адамдардың өміріне қауіп төндіре отырып, ол пәтерлер жалға беріліп жатыр?”, — деп ашынады әйел.

Гүлжан Сейдильдина 2018 жылдан бері көпбалалы ана ретінде тұрғын үй кезегінде тұр. Қазіргі таңда оның кезегі — 335-орын.

Ақтөбе әкімдігінен ресми түсініктеме сұралғанда, олар Гришин көшесі, 72-үйдің расымен де техникалық сараптама негізінде апатты деп танылғанын растады. Онда қазіргі уақытта 13 отбасы тұрып жатыр. Барлығы — “толық емес отбасы” санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғандар.

“Сейдильдина әкімдікке өмірлік қиын жағдайына байланысты өтінішпен жүгінді. Комиссия оның жағдайын тыңдап, заңға сәйкес, кезектен тыс үй беру мүмкін емес екенін түсіндірді. Әйелдің өзі тұрғын үй бөлімі балансына қарайтын үйлерден бөлме қарастыруды сұрады. Сол кезде тек Гришин, 72 мекенжайындағы жатақханадан екі бос бөлме ғана болған. Біз ол үйдің апатты екенін ашық айттық. Сейдильдина сол бөлмені өзі барып көруді қалады. 16 маусымда кілт берілді, бірақ ешқандай келісімшарт жасалған жоқ”, — деді әкімдік өкілі Айгүл Байменова.

Оның айтуынша, кілт уақытша түрде, тек көру үшін берілген. Алайда материал жарияланар сәтте Гүлжан Сейдильдина тағы да редакциямен байланысқа шығып, әкімдік қызметкерлері кілтті қайтаруды талап етіп жатқанын айтқан.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар