Flydubai компаниясының "Боинг" ұшағы 19 наурызға қараған түні Дондағы Ростов қаласының әуежайына қонбақ болғанда апатқа ұшыраған еді. Борттағы 62 адамның бәрі қаза тапты.
Бүгін тергеу орындарындағы дереккөзге сүйенген «Коммерсант» басылымы Flydubai әуе компаниясына қарасты ұшақ экипажы мүшелерінің арасында апаттан бірер минут бұрын жанжал туғаны туралы хабарлады.
Басылымның дерегінше, «қара жәшікті» ашқан сарапшылар ұшқыштар екінші мәрте қонуға әрекет жасаған кезде автопилотты өшіргенін анықтады. Пилоттардың бірі маневр кезінде қателік жасап, оның әріптесі штурвалды өзіне тартқанда олардың арасында келіспеушілік болған. Басқарушы ұшқыш штурвалды өзіне тартқанда, екінші ұшқыш «Тоқта! Қайда?! Олай істеме!» деп айқайлап өз штурвалын кері басқан. Нәтижесінде «Боинг» компьютеріне екі ұшқыштан бірдей әрекет етуге бұйрық беретін электр имупльстері түскендіктен, ұшақты басқару тәртібі бұзылған. Экипаж ұшақтың құлап бара жатқанын кеш білгендіктен, ұшақ жерге сағатына 325 шақырым жылдамдықпен құлаған. Газет пилоттардың «үрей мен ашынудан» бірнеше секунд айғайлағанын жазады.
Flydubai әуе компаниясының ұшағы Дубай мен Дондағы Ростов бағытында ұшқан. Ол 19 наурызға қараған түні қиын ауа-райы жағдайында екінші мәрте қонбақшы болған кезінде апатқа ұшырады.